Астанада жомарт жандардың арқасында 600-ге жуық бала аяғынан тұрған. Тегін оңалту жұмыстары №2 көпсалалы аурухананың негізіндегі «Балапан» орталығында жасалады. Сапалы медициналық көмек тек аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың сәбилеріне көрсетіледі. Ерекше балғындарға кім және қалай қол ұшын созып жатыр? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі толықтырады.
Бір жастан енді асқан мына тәтті балғынның аты Тұяқ. Қазір ол өздігінен отырып, арнайы құрылғының көмегімен тәй-тәйлап жүре алады. Оның анасы үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Себебі, осыдан бір жыл бұрын небәрі 950 грамм болып туылған шақалақтың толыққанды өмір сүруіне ақ халаттылардың өзі күмәнмен қарапты.
«Балама аяғым ауыр болғанда анам көз жұмды. Мен үлкен психологиялық соққы алдым. Сондықтан белгіленген мерзімнен ерте босандым. Ұлым 950 грамм болып шала туылды. Екі ай бойы жансақтау бөлімінде жатты. Дәрігерлер «балаң сал болады» деп айтты. Одан да қорқынышты диагноздар қойды. Алайда, мен оларды естімегендей болдым. Өзім үшін «ұлым толыққанды өмір сүретін болады» деп шештім. Алты айында басқа балалардан қалып жатқанын көріп, орталыққа алып келдім. Тұяғым еңбектеп, өзі отырып, өзі тамақ іше алатын жағдайға жетті. Алла қаласа, жуырда тұсауын кесеміз», – деді Тұяқтың анасы Жанетта ҚЫДЫРБАЕВА.
«Балапан» орталығында Тұяқ сияқты 600-ге жуық бала оңалған. Шала туылған сәбилерден бөлек, мұнда сал ауруы, аутизм, Даун синдромы және басқа да неврологиялық зақым алған бүлдіршіндерге ем-дом жасалады.
«Бастысы – балалардың мүгедек болып қалмауы. Бұл үшін алтын уақытты жіберіп алмауымыз қажет. Сондықтан ерте бастан емдік дене шынықтыру, физиопроцедура, массаж элементтерімен бірге, педагогикалық коррекция көрсетіледі. Яғни, балалармен логопед және дефектолог жұмыс істейді. Мұның барлығына демеушілер атсалысуда. Ал емделіп жатқан сәбилер қоғамның әлжуаз тобы, көпбалалы, толық емес отбасылардың балалары», – деді Сәбилерді ерте бастан оңалту орталығының директоры Дина ТӘЖІБАЕВА.
Бір қызығы, балғындармен жұмыс істейтін мамандардың жалақысы да демеушілік қаражат есебінен беріледі. Алайда, сәбилерді оңалтатын мамандар еңбекақы емес, балғындардың сауығып кетуі ынталандырады дейді.
«Мәселен, бала өздігінен жүре алмайды делік. Біз арнайы жаттығулар жасап, жүру функциясын жетілдіреміз, жүргіземіз. Сал болады деген сәбилер жүріп емес, жүгіріп кеткенде, өз басым қатты қуанамын», – дейді нұсқаушы Айбар СӘЛІТАЕВ.
Орталық жұмысы тек демеушілік қаражат арқылы жүреді. Яғни, шала туылған, ерекше балғындарға кез келген мейірімді жан қолұшын соза алады. Ол үшін ұялы телефондағы қосымша арқылы күніне бір теңге немесе жылына 365 теңге аударса болғаны. Азғантай ғана жомарттық дүниеге небәрі 500, 800 грамм болып келген сәбилердің толыққанды өмір сүруіне үлкен үміт сыйлайды.
Аталған қосымша «Казахстан Творит Добро» деп аталады. Ол арқылы бүгінге дейін орталыққа үш миллион теңге аударылған. Орталық мамандары шала туылған балғындарға жан жылуын аямайтын жомарт жандардың күн санап артып келетінін айтады.
Салтанат Нысанбек, Жігер Бабақанов, «Алматы» телеарнасы, Астана