|
13.03.2023 | 17:58
1981

Қираған үй: Ақтөбелік қария су шайып кеткен баспанасын жөндеуі талап етті

2017 жылы қатты тасқын салдарынан 600-ден астам отбасы зардап шеккен

Қираған үй: Ақтөбелік қария су шайып кеткен баспанасын жөндеуі талап етті Almaty.tv

Ақтөбелік қария 6 жыл бұрын қызыл су шайып, қиратып кеткен  баспанасы үшін биліктен көмек ала алмай жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оралбай Елубайұлының бау-бақша ұжымы аумағында орналасқан мына үйде тұрғанына 10 жылдан асқан. Жалғыз баспанасы ескі болса да, тұруға жарамды еді. Бірақ алты жыл бұрын қатты тасқын кезінде үйдің іргетасы сынып, қабырғасы мүжіліп қалған. Оның айтуынша, апаттан кейін арнайы комиссия мүшелері бірден келіп тексерген. Қираған үйлердің тізіміне тіркеген.

«Олар басқа жерге көшіреміз деп уәде берді, бірақ көмек жоқ. Өткен жылдың ақпан айында әкімдікке бардым, «мамыр-маусымға дейін күте тұрыңыз» деді. Бәрі бір-біріне сілтейді. Қазірдің өзінде шаршадым. Мен 74 жастамын, өзім үй сала алмаймын. Денсаулық та, ақша да жеткіліксіз», – деді қала тұрғыны Оралбай Елубайұлы.

Ескі үйде өмір сүрудің өзі күннен күнге қауіпті болып барады. Басқа барар жер, басар тауы болмаған қария шытынаған қабырға астында өмір сүруге мәжбүр.  Ақсақалдың айтуынша, бұл баспананың тек іргетасын қалау үшін 2 миллион теңгедей қаражат қажет. Әкімдіктегілер тасқыннан зардап шеккен отбасы үшін жер бөліп, құрылыс материалдарын жеткізуге көмек бергенін айтады. Ал дайын баспана беру туралы әзір жоспар жоқ.

«Бюджет есебінен біреуге үй салу немесе сатып алу мүмкін емес. Тек  демеушілер, меценаттар есебінен ғана көмек болуы мүмкін. Қала басшылығы демеушілер іздеп отыр», – деді Астана ауданының әкімі Айбек Көпенов.

Ал демеуші іздеуге әкімдік өкілдері қанша уақыт жұмсайтынын өздері де нақты айта алмайды. Еске сала кетсек, 2017 жылы қатты тасқын салдарынан 600-ден астам отбасы зардап шекті. Бүгінде олардың басым бөлігі қала маңындағы Қурайлы, Өрлеу елдімекендерінен жер алып, үй салған.  

Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир