Көрсеткішті WORLD BOOK OF RECORDS (WBR) ұйымына ресми түрде тіркеп, ұжымға сертификат табысталды
Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы №4 цехтың №43 пеші бүгін таңертең әлемдік рекорд орнатуға әзірленді. Ондаған металлургтің еңбегін WORLD BOOK OF RECORDS (WBR) ұйымының ресми өкілі бақылап тұрды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақстандағы Жұмысшы мамандықтары жылы және «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның 30 жылдық мерейтойына, Металлургтер күніне арналып ұйымдастырылған шараға ұжым тыңғылықты дайындалған. Бүгін металлургтер әдеттегіден екі есе көп өнім шығарды.
«Бұл дүниежүзіндегі ең үлкен көрсеткіш. Ресми түрде тіркеуге инспекторлар келді. Зауыттағы №4 цех – дүниежүзіндегі жаңа әрі үлкен цех. Әрбір пештің қуаттылығы – 80 МВт. Сәйкесінше өндірілетін өнім көлемі де жоғары болады. Бүгін соған қол жеткіздік»,- деді Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков.
Рекорд орнатуға арналған салтанатты шараға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қатысты.
«Бүгін біз тарихи оқиғаның куәсі болдық. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты өнім өндіру көлемі бойынша әлемдік рекорд орнатты. Бірінші рет №43 пештен бір технологиялық циклде 170 тоннадан астам жоғары көміртекті феррохром өндірілді. Зауыт жұмысшылары күндіз-түні ыстық-суыққа қарамай еңбек етіп, өндірісті әлемдік деңгейге шығарды. Бұл жетістік кәсіпорынның ғана емес, бүкіл қазақстандық өнеркәсіптің халықаралық стандарттарға сай екенін және сол стандарттарды өзі орната алатынын көрсетті. Бұл – тек Ақтөбе өңірі мен зауыттың емес, бүкіл Қазақстан өнеркәсібінің әлеуетінің қуатты дәлелі», - деді облыс әкімі.
Тәуелсіз сарапшылар, WORLD BOOK OF RECORDS (WBR) өкілдері, метрологиялық қызмет және техникалық комиссия рекордты ресми тіркеді. Металл өндіру, оны салқындату, өлшеу мен рәсімдеу кезеңдері өтті.
«Біз ауыр өнеркәсіп саласындағы рекордтарды сирек тіркейміз. Сондықтан бүгінгі жетістік ерекше бағалы. Бұл оқиға тек бір зауыттың ғана емес, бүкіл Қазақстанның технологиялық беделіне қосылған үлес және елдің өнеркәсіптік әлеуетін мойындау», - деді WBR Азия және Африка елдері бойынша бас офицері Қуандық Құдайбергенов.
Айта кетейік, «Қазхром» АҚ-ы былтыр өндірісті 14%-ға арттырып, өнім көлемін 1,85 миллион тоннадан асырды.
Оқи отырыңыз: «Қалқаман» стансасына дейінгі жаңа тоннельде рельс төсеу жұмыстары басталды