От жағатын маусым таяп қалды. Алайда еліміздің барлық өңірі түгелдей көмірмен қамтылған жоқ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді. Министрдің айтуынша, 2019-2020 жылдарға коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке тиісті 10,4 миллион тонна қара отынның 58,7 пайызы ғана жөнелтілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«2019 жылғы 19 қыркүйектегі жағдай бойынша көмір өндіруші компаниялармен 75,1 млн тонна көмір өндірілді. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 97,2 процентті құрайды. Еліміздің ішкі нарығына осы кезеңде 51,5 млн тонна көмір жөнелтілді. Оның ішінде энергия өндіруші кәсіпорындарға 39,6 млн, 2018 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 1,4пайызға аз. Өнеркәсіптік кәсіпорындарға 4,8 миллион тонна, бұл 2018 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 15,2пайызға аз. Коммуналдық тұрмыстық қажеттілікке және халыққа 7,1 млн тонна көмір жөнелтілді», – дейді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт АТАМҚҰЛОВ.
Отын дайындау қарқыны Ақтөбе, Қызылорда облыстарында және Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында төмен. Осы ретте министр, әсіресе солтүстік өңірлердегі ауа райын ескеруді баса айтты. Көмірге сұраныс ең жоғары кезеңде халықтың арасындағы шудың болмауы үшін бюджеттік ұйымдар үшін отын дайындауды алдын ала ұйымдастыру қажеттілігін жеткізді.
«Бүгінгі күні 1 миллион 256 мың тонна көмір, ол 71 пайыз және 46 мың тонна мазут дайындалды. Дербес қазандықтар үшін көмір дайындау бойынша Ақмола, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында төмен. Мазут дайындау бойынша көрсеткіштер Ақмола, Атырау, Түркістан және Түркістан облыстарында төмен. Әкімдіктер отынды уақтылы сатып алу және әкелу жөнінде шара қолдануы қажет», – дейді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.