Тұрғын үй сертификаты ипотекалық несие бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін беріледі
Алматы қаласы «Отбасы банк» АҚ филиалы директорының орынбасары Данагүл Түсіпова Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында табысы төмен отбасылар үшін қалада тұрғын үй сертификаттарын беру бағдарламасының іске асырылуы туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Д. Түсіпованың айтуынша, тұрғын үй сертификаты ипотекалық несие бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін беріледі.
«Оны табысы айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселік көрсеткішінен аспайтын өтініш берушілер алады. 2021 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 302 теңгені құрайды. Әлеуметтік көмек қайтарымсыз негізде көрсетіледі. Мысалы, отбасында 6 адам тұратын болса, онда әрбір отбасы мүшесінің табысы 106 мың теңгеден аспауы тиіс», – деп түсіндірді «Отбасы Банкінің» өкілі.
Сондай-ақ, спикер тұрғын үй сертификатын беру тәртібі туралы айтты. Мәселен, тұрғын үйді банк клиенті әкімдікте кезекте тұрған өңірде ғана сатып алуға болады. Тұрғын үй сертификатын алуға өтінімдерді қабылдау Алматыда 2 шілдеден басталады. Сондай-ақ оларды бірінші кезекте өтініш берген алғашқы 2 мың адам алады.
«Алматыда «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша кезекте тұрған 99 азаматқа төрт санат бойынша тұрғын үй сертификатын алу рұқсат етілді. «Бақытты Отбасы» бағдарламасы бойынша 183 сертификат мақұлданды. Ақша кезекте тұрған адамның «Отбасы Банктегі» шотына аударылады», – деді Д. Түсіпова.
Айта кетерлігі, Қазақстанда «Шаңырақ» бағдарламасы тұрақты түрде, ал «Бақытты Отбасы» бағдарламасы уақытша жұмыс істейді. Оны іске асыруға республика бойынша тек 70 млрд теңге бөлінді.
«Отбасы банкінің» өкілі тұрғын үй сатып алуға бастапқы жарнасы жоқ қазақстандықтарға өз банктерінде шоттар ашуды және бастапқы жарнаға аздап ақша жинақтауды ұсынды. «Отбасы банктегі» жинақтардың артықшылығына мемлекеттік сыйлықақы, сондай-ақ жеңілдетілген шарттар кіреді.