Енді кешеуілдетуге болмайды: астананың Алматыдан Ақмолаға көшу тарихын білесіз бе

02.07.2021 03:59

3 себеп, 32 көрсеткіш бойынша бас қала мәртебесіне Ақмола ең лайықты деп танылған

vechastana.kz

«Енді кешеуілдетуге болмайды». Осыдан 24 жыл бұрын ел астанасын ауыстырудың уақыты жетті деген елбасы Ақмоланы нақты 3 себеп, 32 көрсеткіш бойынша таңдаған. Осылайша тәуелсіз ел тарихындағы жаңа парақ ашылған еді. Бүгінде сәулеті жарасқан бас қаланың тарихы жайында Almaty.tv тілшісі айтып береді.

1994 жылдың 6 шілдесі. Дәл осы күні еліміздің Жоғарғы Кеңесі ел астанасын ауыстыру туралы шешім қабылдаған еді. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, ауа райы, жер бітімі, сейсмикалық жағдайы мен инфрақұрылымы сынды 32 көрсеткіш бойынша бас қала мәртебесіне Ақмола ең лайықты деп танылды. Әрі, бұл шаһар мемлекеттің географиялық орталығы еді. Осылайша, тәуелсіз елдің тұңғыш астанасында құрылыс қарқыны артып, 1997 жылы «Ақмола» арнайы экономикалық аймағы құрылды.

«Аустралияға Қазақстан президентінің ресми сапары болды. Сол сапарға президенттік пул журналистерінің қатарында болдым. Осы қаланы көргенде Нұрсұлтан Әбішұлы маған интервью беріп тұрған. Байланысқа шықты да, сол кездегі премьер-министрге қоңырау шалды. «Енді кешеуілдетуге болмайды, Астанаға көшті бастаңдар!» деп бұйрық берді», ‒ дейді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, журналист Уәлихан Қалижан.

Ақмола ‒ тараптармен экономикалық қарым-қатынас орнату үшін де тарам-тарам жолдары әуелден әзір қала болды. 1997 жылы бұл аймақтағы тұрғын-үй құрылысын дамытуға 50 млн доллар қаражат бөлінді. Сүреңсіз ескі ғимараттар сүріліп, орнына 9 шағын аудан салынды. Сол жылдың 20-қазанында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның жаңа астанасын ресми түрде жариялады. Ал желтоқсанда Алматыдан Ақмолаға бағыт алған көшті депутаттар бастаған еді.

«Ұшақ трапына шығар алдында президент келді. Қоғам қайраткерлері, мемлекет қайраткерлері болды. Өзім де қасында тұрдым. Сонда президент Алатауға қарап, «Біз Алатауға сыймай бара жатқан жоқпыз. Біз Алатауды қимай бара жатырмыз» дегені есімде», ‒ деді Уәлихан Қалижан.

Ел тарихындағы бұл кезең Қазақстанның нарықтық экономикаға дендеп ауыса бастаған тұсы еді. Сондықтан қиын сәтте қала ауыстыруға қатысты пікір де алуан түрлі болды дейді мамандар.

 «1997 жылы астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім шығарылғанда, екіжақты пікір қалыптасты. 1997 жыл бұл ‒ Қазақстанның етек-жеңін жинап, дағдарыстан шыға бастаған кезі. Нарықтық қатынастардың қалыптаса бастаған кезі, елімізге шетелдік инвестициялардың тартылып, біршама бой көтерген тұсымыз еді», ‒ деді Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және Этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Арман Жұмаділ.

Алаш арыстары Ақмола маңындағы Қараөткелде жоғарғы оқу орнын ашып, ел жастарын білімге шақыруды аңсаған еді. Сол мекен 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен «Бейбітшілік қаласы» атанды. Иә, 24 жылда Нұр-Сұлтан бейбітшіліктің ғана емес, бәсеке мен білімнің, жасампаздықтың ордасына айналды.

Мадина Оқас, Ғали Қалуов, «Алматы» телеарнасы