Коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу үшін карантин енгізілген бір тәулік ішінде Алматы қаласында жасалған қылмыстар саны 25,5%-ға, жол-көлік апаты да 70%-ға төмендеген. Бұл туралы Алматы қалалық Әкімшілік полиция басшысы Жандос Мұратәлиев қала әкімдігінде өткен арнайы брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Қаладағы криминогендік жағдай тұрақты, қылмыстық оқиғалар көрсеткішінің төмендегені байқалады. Бір күн ішінде қалада 70 қылмыс тіркелсе, оның 57-сі жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде дер кезінде ашылды. Қылмыс 25,5%-ға төмендеді. Сондай-ақ, қалада жол-көлік апаты да 70%-ға азайды», - деп атап өтті Жандос Мұратәлиев.
Карантиндік аймақтар мен індет ошақтарындағы қоғамдық тәртіп жайына тоқталған Әкімшілік полиция басшысының айтуынша, «102» жедел басқару департаментіне бір тәулік ішінде 1 785 қоңырау түсіп, оның 888-і полиция қызметіне жүгінген, ал 897 қоңырау иесі кеңес сұрап хабарласқан.
Сall-орталық департаментіне алматылықтардан 7 мыңнан астам қоңырау түскен екен. Полиция қызметкерлері өз кезегінде, тұрғындарға нақты көмектер берген.
Айта кетерлігі, тұрғындарға қажетті сұрақтар бойынша 1406 және Open Almaty 1308 нөмірлері бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін call-орталыққа хабарласу ұсынылады. Катаралды белгілері бар адамдар анықталған жағдайда дереу қаланың санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің тәулік бойы жұмыс істейтін 382-33-50 нөміріне хабарлау керек.
Ресми ақпарат Алматы қаласы әкімдігінің сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында қолжетімді. Қосымша ақпарат жедел түрде Telegram арнасындағы stopcov Almaty және Darmen мобильді қосымшасына салынады.