Ақмола облысы Жарқайың ауданында браконьерлер оқ жаудырғаннан кейін ауыр жараланған қорықшы Самат Оспанов Державинск қаласының ауруханасынан Көкшетауға ауыстырылды. Ал Ішкі істер министрлігі кешегі қанды оқиғаға қатысы бар деген күдікпен Арқалық қаласының 45 жастағы азаматы және оның 20 жастағы ұлын қолға түсірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Облыстық көпбейінді емхананың бас дәрігері «Охотзоопром» маманы Самат Оспановтың жағдайы қалыпты, бірақ әзірге толық беті бері қарады деуге келмейді дейді. Ал, қаскөйлер болса, қылмыс орнынан 20 шақырымдай жерде көлігін тастап, көзден таса болуды көздепті. Әйтсе де қанды оқиғадан кейін Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында тәртіп сақшыларының жеке құрамы күшейтіліп, «Ұстау» атауы берілген жоспары жарияланған. Соның арқасында «Охотзоопром» қорықшысы Қаныш Нұртазинді мерт етіп, жанындағы Самат Оспановты ауыр жаралағандар түнге қарай қолға түсті. Министрлік таратқан ақпаратта сенсек, олар қылмыс орнынан 20 шақырымдай жерде «Нива» маркалы көлігін тастап, көзден таса болуды ойлаған. Қазір күдіктілерге қатысты қылмыстық кодекстің 99-бабының, 2-бөлімі, «Адам өлтіру» бойынша іс қозғалған.
Ал, атыстан кейін Державинск қаласындағы емханаға жеткізілген қорықшы Көкшетаудағы көпбейінді облыстық ауруханаға ауыстырылды. Мекеменің бас дәрігері оның қазіргі қалпын айтып берді.
«Бүгін науқастың денесіндегі оқты алдық. Ота сәтті өтті. Науқас ояғаннан кейін травматологиялық бөлім палатасына ауыстырылады. Барлық ем-дом шаралары жасалады. Жағдайы қалыпты, орташа ауыр деңгейінде. Өміріне еш қауіп жоқ», – деді Ақмола облыстық көпбейінді аурухана директорының орынбасары Дмитрий ЧАЙКОВ.
Ал көз жұмған Қаныш Нұртазиннің ауылындағы шенеуніктер оның отбасына барынша көмек береміз деп отыр. «Охотзоопромда» 2016 жылдан бергі қызмет еткен 43 жастағы марқұмның 4 баласы жетім қалды.
Қорықшыларға шабуыл жасау биылдың өзінде бірінші рет емес. Естеріңізге сала кетсек, жыл басында Қарағанды облысы Нұра ауданының аумағында киік атқан браконьерлер екі инспекторды жаралаған еді. Ауыр жарақат алған Ерлан Нұрғалиев 15 қаңтарда Нұр-Сұлтанның №1 ауруханасында көз жұмған болатын.