Қала әкімдігінің хабарлауынша, жол жиегіне қаңтарылған көліктер жұмыстың жылдам жүруіне кедергі. Түнімен жауған қалың қардың кесірінен қалада 8 балдық кептеліс орын алған, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Машиналар тұрып қалады. Соның кесірінен осылай тоқтап қаламыз. Адамдар машинасын автотұраққа көліктерін дұрыс қоймайды», – дейді қар тазалайтын көлік жүргізушісі.
Таңнан трассаны тазалауға шыққан колоннаға сақшылар жол бастап жүрсе де, қарды күреп тастауға кедергі көп. Екі-үш көлік еркін сыятын жолды кеңейтуге күрегі үлкен КамАЗ-дардың өзі бірнеше рет айналып соғуға мәжбүр. Жұмыстың жылдам жүруіне жүргізушілердің өзі жол бермейді.
Көлікті кешке жолдың бойына қалдырып кетсеңіз, оны таңертең таппай қалуыңыз мүмкін. Күндіз күрелген қар түнімен тиеліп, сыртқа шығарылады. Ал жолдың бойында тұрған машиналар амалсыз эвакуаторға тиеліп, айыппұл тұрағына жөнелтіледі.
Ақпанның 6-ына қараған түні ақ ұлпа 20 см-ге жетіп, биылғы қыстың рекордтық көрсеткіші болды. Таңнан басталған көлік кептелісін сейілтіп, қара жолды қалың қардан аршу үшін 700-ден аса арнайы техника тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр.
«Құрылыс компанияларынан тағы 69 жүк тиегіш көлігі қосылды. Қала көшелерінде қиындық жоқ деп айтса болады. Қазіргі уақытта біз кешкі қарбалас уақыты аяқталған соң қар шығаруды бастаймыз. Сол уақытта көліктерді жолдың бойына қоймай, арнайы техникаға бөгет етпесе жақсы болар еді», – деді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының бас маманы Әрсен АХМЕТЖАНОВ.
Аялдама мен тротуарларды тазалауға 2200 жігіт кірісіп, қолдарына күрек ұстап, жүргіншілерге жол ашып жатыр. Кеш түсе үйілген қарды тиеу тағы қыза түспек. Мұзға қарсы 3100 тонна тұзды құм септік деген басшылар қар тазалауды тек ертең кешке қарай аяқтаймыз деді. Алдағы түні Алматыдағы аяздың күшейетінін ескерткен мамандар көшеге көлікпен шықпау керек дейді.
Әмірболат Құсайынұлы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы