Екінші деңгейлі банктер клиенттерге негізсіз комиссия ақысын қайтаруға міндеттелді

Екінші деңгейлі банктер клиенттерге негізсіз комиссия ақысын қайтаруға міндеттелді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздің екінші деңгейлі банктері «негізсіз алып келген комиссия ақысын» қазақстандықтарға қайтарып берулері тиіс. Нақтырақ айтсақ, қаржы ұйымдарының  2012 жылдың ақпан айынан бастап ссудалық төлем үшін алынып келген комиссия ақысы – заңсыз. Мұны Ұлттық банк те растап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сонымен, онсыз да кредит алып, еселеп қарызын өтеп жүргендер, бостан-босқа банкке берген ақшаларын қалай қайтаруларына болады? Ол үшін сотқа шағымдану міндетті ме? Алған кредитті кейіннен басқа банк арқылы қайта қаржыландырса, комиссияның соммасын кім төлейді?

Қаржы институтының «қақпанына» түскендердің бірі – Александра Олехова. Ол 2010 жылы екінші деңгейлі банктердің бірінен 10 жылға ипотекаға үй алған. Алғашқы 20 пайыз жарнасын төлеп, банктен барлығы 9,5 миллион теңге берешек алыпты.  Жылдық пайыздық үстемесі – 14,9 пайыз. Оған қоса, ай сайын қаржы институтына қарзын құйып отырғаны үшін «ссудалық төлем» делінген комиссия ақысын да төлеп келген. Тек 2017 жылы ғана банктің әрекеті заңсыз екенін біліп, Ұлттық банкке шағым түсірген. Артынша, бас банк өтініштің қаралып жатқанын хабарлайды. Ал екінші деңгейлі банк араға бір күн салып, кеңсеге келуін сұрайды. Айтуынша, «құйтырқылыққа» кіріскен қаржы институтының қызметкерлері оны Ұлттық банкке жазған талап-арызын қараусыз қалдыруын сұрап, қайта өтініш жазуға үгіттейді. Есесіне, негізсіз комиссияға ұсталып келген ақшаны қайтарамыз деп сендірген. Нәтижесінде, 470 мың теңге заңсыз алынған ақшаның тек 170 мың теңгесін бірнеше айдан кейін әрең дегенде қайтарған. Қалған қаржатты енді көрмейсіз деп қысқа қайырыпты. Енді Александра онсыз да Ұлттық банктің алдында миллиондап салынатын айыппұлдан сытылып кеткен банкпен соттасуға тас-түйін дайын екенін ескертеді.

«QAZKOM банкінің қызметкерлері негізсіз комиссияға ақша алып келгендерін, базаның бір кездері істен шығып, техникалық ақаулар болғанымен байланысты деп түсіндіріп, ақшаны қайтарып беретіндерін айтты. Мен сөздеріне сеніп, Ұлттық банкке «Менің өтінішімді қараусыз қалдыруды сұрайын деп, қайта өтініш жаздым. Арада бірнеше ай өтті. Бірақ қаржымды қайтарып беретін түрлері көрінбегендіктен, қайта QAZKOM-ға хабарласып, өзім сұрадым. Соңында, 2015 және 2017 жылдар аралығында алынып келген ссудалық төлем үшін алынған комиссия ақысын ғана қайтара алатындарын айтып, 130 мың теңгені қолыма ұстатты. Ал қалған соманы тек сотқа арыз түсіріп ала аласыз деді. Енді мен де осы мәселенің нүктесі қойылғанға дейін білек сыбана беріспеуге дайынмын. Өйткені, негізсіз комиссияға ақша алып келгені үшін Ұлттық банк миллиондап айыппұл салатын еді. Ал мен QAZKOM-ды осы ретте, арызымды алу арқылы құтқарып қалдым. Бірақ менің ақшады банк толық қайтарып бермеді», – дейді Александра ОЛЕХОВА.

Александра секілді, бүгінде екінің бірінің басында банк алдындағы берешегі болса да, көпшілік негізсіз комиссияға ақша төлеп келгендерінен бейхабар. Тіпті, келісімшартты толық қарап, бүге-шүгесіне дейін түсінбейтіндері де жасырын емес. Қарызға ақша алғанда ай сайынғы төлемнің қанша болатыны ғана қызықтыратын көрінеді. Енді негізсіз комиссияға ақы алып келген банктермен ырду-дыру болғаннан гөрі, әуелі Ұлттық банктің өзіне, содан соң сотқа шағымдану керек екен. Өйткені, банк әуре-сарсаңға салып, «жұтып» қойған қаржыны қайтармаудың әрекетіне кірессе керек дейді сарапшылар. Айта кетейік, екінші деңгейлі банктер келісім шартта «ссудалық төлем үшін төленген комиссия» деген тіркесті алып тастап, кейіннен «қарызға қызмет жасағаны үшін» деп өзгерткен екен. Ал егер төлем графигін жоғалтып алсаңыз, қол қойған құжатыңыздың бір нұсқасы банкте сақталуы тиіс.

«Мысалы, 3-4 миллион теңгеге несиеге көлік алған азаматтардың қазіргі қайтарып жатқан сомалары 400-500 мың теңге көлемінде. Сонда олардан банк ай сайын 12-13 мың теңгеден комиссия ұстап отырды деген сөз. Ең қызығы, оның атауы бастапқыда «ссудалық қарыз үшін» деп белгіленген. Азаматтар мен банктің арасында ешқандай ссудалық қарыз болмайды. Ол Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктердің арасында болатын қарыз. Тіптен, қисынсыз болып тұр. Ал келісімшартты азамат жоғалтып алуы мүмкін, жыртып тастауы мүмкін. Бірақ оның бір нұсқасы банкте сақталуы тиіс. Сондықтан банкке өтініш жасап, сұрап алуларына толықтай болады», – деді экономист Мақсат ХАЛЫҚ.

Еліміздің Ұлттық банк тарапы да осындай комиссия ақысын қайтарып алуға азаматтардың толық құқылы екенін алға тартады. Бастысы, ссудалық төлем үшін комиссия ақысы 2012 жылдың ақпан айынан бастап төленіп жатқаны келісімшартта көрсетілсе болды.  Ал қазіргі таңда банктер мұндай комиссияны атымен құртқан.

«2012 жылдың ақпан айында ҚР Ұлттық банкі Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығымен бірге банктерге несиелік шотқа комиссия алу туралы әрекеттің заңсыз екені туралы хат жолдаған болатын. Оған сәйкес, несиелік шоттар банктің қарыздық шоты болып табылмайды. Егер сол уақыттан бері комисиялар болатын болса, бұл заңсыз болып табылады», – деді ҚР Ұлттық банкінің бас сарапшысы Ержан ӘБІШ.

Сарапшылар егер азамат бір банктен несие алып, кейін берешекті басқа банкке қайта қаржыландырса, онда комиссия ақысын алып келген алғашқы банк төлеуге міндетті дейді. Ал азаматтың дәл сол комиссия түрлеріне ақы төлейтіні туралы келісімшартқа қол қойып барып, кейіннен қаржысын сот арқылы талап етуі – заңды. Яғни, банк бұқараның «аңғалдығын» өз пайдасына қарай қолданған болып саналатынын еске салады. Сондықтан банк берешек берсе кредитті қайтып қайтармайтындай, бөркін аспанға ата қуанатын жұртқа келісімшартқа қол қоярда мұқият болуды ескертеді. Ал 2012 жылдан бастап ссудалық төлем үшін берген комиссия ақысын қайтарып алуға асыққан абзал. Өйткені, кредит жабылғаннан кейін, 3 жылдың ішінде ақшаңызды қайтарып ала алады екенсіз.


Әйкерім Ердәулетқызы, Әсет Құндақбаев, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров