Ұстазды аяусыз соққыға жыққан әйел жеңіл жазамен құтылып кетті

Ұстазды аяусыз соққыға жыққан әйел жеңіл жазамен құтылып кетті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұстазды ұрған ата-ананың ісіне бүгін Іле аудандық соты үкім шығарды. Ал мұғалімдерді балағаттап, қол көтерген жауапкер бүкіл ұстаздар қауымынан кешірім сұрады. Алайда, бір жылдан асса да мектептегі шулы оқиғаның ісі бүгінгі үкіммен аяқталмайтын сияқты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Сот үкім етті. Митрошенко Надежда Павлованы ҚР ҚК 107-бабының 1-бөлімі бойынша қылмыс жасағаны үшін айыпты деп тауып, оны 250 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалсын. Қоғамдық жұмыс жасату күніне 4 сағаттан аспайды. Қоғамдық жұмыстардан ауытқулар болған жағдайда, айыптының бостандығын шектеуге немесе бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады», – деді Алматы облысы Іле аудандық сотының судьясы Еркін СЕЙІТОВ.

Денсаулыққа қасақана орташа ауыр зиян келтiрген жанға берілетін жаза ретінде 5 түрлі нұсқа қарастырылған. 2,5 миллион теңгеге дейін айыппұл салу, 600 сағаттан аспайтын жұмысқа тарту, 2 жылға бостандығын шектеу немесе айыру. Ал миы шайқалып, есту қабілеті кеміген ұстаз өзін көптің көзінше қорлаған жауапкердің айыппұл да төлемей, тек 250 сағаттық жұмысқа тарту жазасымен құтылғанына келіспеді.

«Бір жыл бойы істі қайта-қайта тоқтату амалдарының кезінде-ақ түсінікті болып еді. Бірақ біз сонда да прокурор болсын, РУВД болсын, тынбастан есіктерін қағып жүріп, істі осы күнге жеткізген болатынбыз. Жалпы, осы мұғалімдерді, ұстаз деген ұлы есімді болашақта осындай ата-аналар тарапынан қорлау оқиғасын болдырмау мақсатында алған бетімізден қайтпаған едік. Әрине, бүгін өздеріңіз куә болдыңыздар, өте әділетсіз шешім», – деп пікір білдірді биология пәніннің мұғалімі Гүлзира БАЙДІЛДАЕВА.

Ал осы уақытқа дейін тілшілермен тілдесуге құлықсыз болған Митрошенко өзіне шыққан үкімге разы екенін білдірді. Тіпті, жергілікті билік қажет деп тапқан қоғамдық жұмысты істеуге дайын екенін айтып, барлық ұстаздар қауымынан кешірім сұрады.

«Әділетті үкім. Келісемін. Барлық Қазақстан мұғалімдерінен кешірім сұраймын. Болған оқиғаға өкінемін. Ана ретінде балама араша түсемін деп өзімді ұстай алмай қалдым. Соңы осылай болды. Ұстаздардан кешірім сұраймын», – деді жауапкер Надежда МИТРОШЕНКО.

Алдыңғы сотта Митрошенко шағымданушы тарапты медиацияға шақырған еді. Сондағы ұсынысы – болған оқиғаны тезірек бітіріп, келтірген залалды өтеу ретінде 150 мың теңге төлеп беруге дайын екендігін білдірген болатын. Бірақ бұл ұсынысты «қорлау» ден қабылдаған ұстаздың өкілдері ақыры істің ақ-қарасын судьяға қалдырған еді.

«Құқығым бұзылып, қорлық көрдім, жарақат алдым» деген ұстаз Митрошенкодан 3 миллион теңге моралдық, 1,5 миллион теңге материалдық шығын өндіруді талап еткен еді. Алайда, судья тек моралдық өтемақы ретінде 100 мың теңге үкім етті. Сонымен, бір жылдан аса бір-бірімен қасарысқан қос тараптың ісі жуық арада аяқталмайтын секілді. Өйткені, судьяның үкімімен келіспеген Гүлзира Байділдаева алдағы 15 күннің ішінде апелляциялық шағым түсірмек. Ал материалдық шығындар алдағы уақытта жеке азаматтық істе қаралмақ.


Әмірболат Құсайынұлы, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров