Алматыда тәркіленген 250 млн теңгенің киім-кешегі мұқтаж отбасыларға таратылды

26.04.2020 22:55

Киім-кешек экономикалық контрабанда бойынша қозғалған қылмыстық істер аясында тәркіленген

Фото: баспасөз қызметінен

Алматыда мұқтаж отбасыларға киім-кешек үлестірілді, деп хабарлайды Almaty.tv ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері Мемлекет басшысы бастама берген #BIZBIRGEMIZ жалпы республикалық акциясы шеңберінде және төтенше жағдай кезінде көмек қажет ететін жанұяларды қолдау мақсатында 250 млн теңгеден асатын заттық айғақ ретінде тәркіленген киім-кешекті үйлестіріп берді», - делінген хабарламада.

Мәліметке сай, балалар киімдері, аяқ киімдер, спорттық костюмдар, футболкалар экономикалық контрабанда бойынша қозғалған қылмыстық істер аясында тәркіленіп, соттың үкімімен мемлекеттің меншігіне өткен болатын.

Барлық киім-кешек балалар үйлеріне және қиын жағдайда қалып, көмек күтіп отырған отбасыларға үлестірілді.