«Ақ жол» партиясы үгіт-насихат жүргізуде әлеуметтік желіні де жұмылдырды

«Ақ жол» партиясы үгіт-насихат жүргізуде әлеуметтік желіні де жұмылдырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Ақ жол» партиясының Шымкент қалалық филиалы үгіт-насихат жұмыстарын қызу жүргізіп жатыр. Сайлауалды штаб мүшелері партияның атынан президенттік сайлауға түскен Дания Еспаеваның бағдарламасын халыққа жете түсіндіру мақсатында ерекше тәсілдер де қолданып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әсіресе, әлеуметтік желінің зор мүмкіндігі кеңінен қолданылуда. Сонымен қатар, науқандық жұмысқа еріктілерді де тартқан. Ақжолдықтар кандидат бағдарламасында көрсетілген жаппай кәсіпкерлікті дамытуды көздейді.    

«Кәсіпкерлік дамыса, жұмыссыздық жойылады. Сондықтан, біз кәсіпкерлерді қолдауымыз керек. Банктердің кәсіпкерлерге беретін несиесін төмендету керек. Сол кезде халықтың әл-ауқаты жақсарады», – дейді «Ақ Жол» ДП қалалық филиалының төрағасы Әлімхан Әбжанов.

Кәсіпкерліктің дамуы - экономикалық дамудың кепілі. «Ақ жол» партиясының атынан президенттікке үміткер Дания Еспаева осылай дейді. Кандидаттың айтуынша, шағын және орта бизнеске ден қойған, жеке ісін ашқан кәсіп иелеріне барынша қолдауды күшейту қажет. Үміткер бастаған үгіт тобы Шымкент қаласындағы сайлаушыларымен кездесті. Шара барысында тұрғындар жұмысы тоқтап тұрған кәсіпорындарды іске қосу мәселесін қозғады. Сонымен қатар, білім мен денсаулық сақтау саласын жақсарту жайы да көтерілді.  

«Бағдарламамыз кәсіпкерлікке арналса да, бүгінгі маған қойылған сұрақтардың дені білім мен денсаулыққа қатысты болды. Осы кездесуде көптеген ұсыныстар алдық. Көптеген сұрақтарға жауабымызды бердік. Олардың ішінде депутаттық сауал ретінде жолдананатын мәселелер де бар», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Дания ЕСПАЕВА.

Новости партнеров