|
29.05.2024 | 18:04
947

Жазғы лагерьге жолдама: атыраулық оқушылар Түркістанға барады

Су тасқынынан зардап шеккен аймақ балаларының алғашқы легі лагерьге аттанды

Жазғы лагерьге жолдама: атыраулық оқушылар Түркістанға барады elements.envato.com

Атыраулық оқушылар жазғы демалысты Түркістан облысында өткізеді. Су тасқынынан зардап шеккен аймақ балаларының алғашқы легі лагерьге аттанды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Сауықтыру кешеніне Атыраудағы су тасқыны кезінде зардап шеккен оқушылар әрі әлеуметтік осал топ санатына жататын отбасылардың балалары жіберілді. Солардың бірі  7- сынып оқушысы Нұртілек Қали. Оқуда озат оқушы жазғы демалысын алғаш рет Түркістанда өткізетініне қуанышты.

- Сыныпта оқу озатымын, көпбалалы отбасынанмын. Аудандық жарыстардың жүлдегерімін. Мені мектеп әкімшіліктері осы Түркістан қаласына тегін оқуға жіберген болатын. Ойын-сауық, қызықты уақыт өткіземін деп ойлаймын, - дейді  мектеп оқушысы Нұртілек Қали.

Ата-аналар да мұндай бастаманы қолға алған ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. Атап өтейік, жазғы лагерьлерде балалардың тынығуынан бөлек, тіл меңгеруіне де бар жағдай жасалыпты.

- Осындай жобалар көп болса екен. Қызым жаңа достар тауып, жаңа ортаға үйреніп, сондай жоғары дәрежеде көңіл күймен келсе екен деп тілеймін, - дейді оқушының ата-анасы Ғалия Тымғалиева.

Жалпы Атырау облысынан Түркістанға 700 бала 5 кезеңмен жіберілмек. Аталған демалысқа оқушылармен бірге 14 тәрбиеші мен 2 медбике де барады. Жалпы айтсақ, биыл 122 мыңдай білім алушы жазғы демалысын сауықтыру кешендерінде  өткізеді екен.

- 4 ауданның 140 баласы Түркістан облысы Түлкібас ауданында орналасқан «Delve Camp» ағылшын жазғы лагеріне демалысқа кетіп бара жатыр. Он күн демалып, бес мезгіл тамағымен ұйымдастырылады. «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен "Туған елге саяхат" бағдарламасымен 78 бала Қазақстанның 4 өңіріне саяхатқа шығады, - дейді Білім беру басқармасының бас маманы Қадыржан Сапаров.

Естеріңізге салайық, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев тасқыннан зардап шеккен өңірлердегі оқушыларды ең үздік жазғы сауықтыру лагеріне жіберуді тапсырған еді. Кешендердегі қауіпсіз талабы да толыққанды тексеруден өтті.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы

Оқи отырыңыз: Алматыда аз қамтылған отбасыдан шыққан мыңға жуық бала тегін білім алуда

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир