Елімізде жанар-жағармай тапшылығы жоқ. Энергетика министрлігі республикада бензин мен дизель отынының 16 күнге жететін қоры барын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елдегі мұнай өнімдерінің көлемі 250 мың тоннаға жетеді. Жауаптылардың айтуынша, жағдай бақылауда. Ал сарапшылар заңсыз бензин экспортын тыймаса, мұның арты үлкен тапшылыққа алып келетінін атап өтті.
Қазақстаннан шетелге бензинді заңсыз тасымалдау дерегі жиі тіркеледі. Өткен аптада ғана Павлодар облысында АИ-95 маркалы жанармайы бар 3 вагон цистернаны шекара асырмақ болғандар ұсталды. Олар құны 54 млн теңге болатын 165 тонна бензинді «жанармай қоспасы» деген желеумен сатпақ болған. Жергілікті компания басшысы тағы 280 тонна бензині бар 5 вагон цистернаны Өзбекстанға жіберіп жатқанда құрықталды.
«Серіктестік директоры өз кінәсін толық мойындады. Тәркіленген бензин цистерналар мемлекет кірістеріне айналдырылды. Бұрын сатылған бензиннің құны 94 миллион теңге сотталғаннан мемлекет кірісіне өндірілді. Сот үкімімен ЖШС директоры кінәлі деп танылып, 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды», – деді ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.
Сарапшылардың айтуынша, жанармайды контрабандалық жолмен шекара асыру - елдегі тапшылықты қолдан жасаумен тең. Олжас Байділдинов көрші елді қарық қыламын дегендердің бұл әрекетіне тосқауыл керек деп есептейді. Айтуынша, соңғы 4 жылда Қазақстанда мұнай өнімдерін тұтыну қарқыны біршама өскен. Бірақ өндіріс көлемімен сәйкеспейді.
«Ресей мен бізде бензин литріне шамамен 150 теңге баға айырмашылығы бар. Қырғызстан, Өзбекстан елдерімен салыстырғанда да 100-120 теңгеге қымбатшылық сезіледі. Ал көршілес аспан асты елінде 200 теңгеге дейінгі айырмашылық бар. Бұл жағдайда заңсыз экспортқа сұраныс жоғары болады», – деді сарапшы Олжас Байділдинов.
Заңсыз экспортқа сұранысты жою үшін сарапшы мұнай өнімдерінің бағасын теңестіруді ұсынады. Пайымдауынша, бұл сұйық отын тапшылығын болдырмаудың бірден-бір кепілі. Ал Энергетика министрлігі бензин мен дизель отынының 2,5 апталық қоры қалғанын айтады. Сөйте тұра, елдегі жағдай тұрақты екенін айтты.
«Бүгінгі таңда бензиннің жағдайы тұрақты. Тапшылығы жоқ деп сеніммен айта аламын. Мысалы, бензин мен дизель отынының қорлары 250 мың тоннаға дейін жетеді. Әрқайсысының қоры 16 күнге жетеді. Ол тұтыну мен толтыруды бірге есептегенде», – деді ҚР Энергетика министрлігінің басқарма басшысы Талғат Мақуов.
Елімізде қара алтын саналатын мұнай тәулік бойы өндіріледі. Министрлік өкілі тиісінше жанармай бекеттері үнемі толықтырылып отыратынын айтты.
Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана