New Media Forum: Алматыда бас қосқан сарапшылар қандай мәселені талқылады

Almaty.tv
Almaty.tv
Онлайн жарнама туралы заң 9 қыркүйектен бастап күшіне енді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әлеуметтік желіде интернет-алаяқтыққа қатысты жарнама жариялағандар мен жалған ақпарат таратқандар жауапкершілікке тартылады. Онлайн жарнама туралы заңға толықтырулар енгізіліп, 9 қыркүйектен бастап күшіне енді. Бұл туралы Алматыда алғаш рет өтіп жатқан медиа сарапшылар мен блогерлер жиналған форумда айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгінде әлеуметтік желідегі ақпараттың ағыны қатты. Қолында ұялы телефоны бар кез келген адам контент әзірлеп, жариялауға мүмкіндігі бар. Десе де оның пайдалы жағымен бірге, адам өміріне зиянын тигізетін тұстары да жетерлік.

Мемлекет басшысы 10 шілдеде онлайн-платформаға қатысты заң қабылдады. Онда көрсетілгендей, әлеуметтік желіде миллиондаған оқырманы бар блогерлер кәсіпкер ретінде тіркеліп, мемлекетке салық төлейді. Ал желіде жалған ақпарат таратқандар үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

– Интернет-алаяқтықтың құрбаны көп. Қандай жарнаманы көріп отырмын? Ақшаны қайда салып жатырмын?  Алдымен желі қолданушылары ойланып, жауапкершілікті сезінуі керек. Себебі интернет арқылы есірткі саудасы да өршіп тұр, – деді ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов.

– Инстаграм-пабликтің миллионға жуық оқырманы бар. Газетте ондай жазылушы жоқ. Сондықтан алдағы уақытта жаңа дәстүрлі медиа көбейе береді. Оны билік түрлі заң шығарып, цензура қойғысы келгенІмен, күн сайын келіп жатқан ақпараттық ағынға тосқауыл бола алмайды. Өйткені қазір азаматтық журналистика, жаңа медиа дамыды, – деді жоба авторы Ербол Сейілхан.

Алматыда алғаш ұйымдастырылған форумда жаңа медиадағы этика тақырыбы сөз болды. Оған медиа менеджерлер мен блогерлер және әлеуметтік желіде түрлі контент дайындаушылар қатысып, өз ойы мен идеясын ортаға салды. Әлеуметтік желіде саяси қоғамдық тақырыптарда қаралымы көп жоба дайындап жүрген Ербол Сейілхан «бүгінде теледидар көретіндер саны азайғанымен, оның дәурені ешқашан өшпейді» деді.

– Өзбекстан, Қырғызстаннан сарапшылар келді. Өзбекстанда ТикТок платформасын қолдаунға ресми түрде рұқсат етілмеген. Ол платформада контент жасау, оны тарату проблема болып саналады. Ал біздің елімізде барлық платформа қолжетімді, – деді New Media Forum ұйымдастырушысы Бибігүл Құламан.

Сонымен қатар медиа форумда жаңа цифрлық әлем, медиа нарығының эволюциясы мен креативті индустрия секілді тақырыптар қозғалды. Елімізден бөлек алыс-жақын шет елдерден сарапшылар онлайн қосылып, өз тәжірбиесін бөлісті.

Іс-шарада 400-ге жуық қатысушы болады деп жоспарланған. Оларға кәсіби мамандар түрлі тақырыпта шеберлік сағатын да өткізбек.

Ұлағат Арғын, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Атырау облысындағы тұрғындар баспана сапасына шағымданды

Новости партнеров