Астаналықтар баспана маңындағы құрылыс жұмысын тоқтатуды талап етіп отыр

23.05.2023 23:05

Жауаптылар рұқсатсыз құрылыс жүргізудің заңсыз екенін еске салды

Almaty.tv

Астанада ЭКСПО маңындағы тұрғын үй кешенінде тұратын 300-ге жуық адам шу шығарды. Олар баспананың қасынан салынып жатқан құрылысты тоқтатуды талап етіп отыр. Айтуларынша, әкімдікке шағымданса да мердігер компания жұмысын жалғастырып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

ЭКCПО маңындағы 1 гектар жерді қоршап алып, ішінде құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан мердігер айналадағы адамдардың ашуына тиді. Олардың айтуынша, мұнда биік ғимарат тұрғызылатын болса, пәтерге күннің көзі түспейді, көлік түгілі адам қысылып әрең жүретін көше одан ары тарылып қалады.

– Бұл құрылыстың жүріп жатқанына бірнеше ай болды. Егер тағы да тұрғын үй немесе басқа биік нысан тұрғызылса, аяқ алып жүру мүмкін емес болады. ЭКСПО маңында концерт сияқты мәдени шаралар өткен кезде, үйімізге әрең жетеміз. Тағы бір ғимарат соғылса, тіпті тарылып қаламыз. Оның үстіне, әр демалыс сайын суымыз өшіп қала беретіні тағы бар, – деді қала тұрғыны Зәуре Шаймергенова

Қуықтай жерге құрылыс жүргізіп жатқан мердігер компания өкілдері тілшілер түсірілім жасап кеткеннен кейін, тұрғындармен кездескен. Қолына бір жапырақ қағаз ұстаған маман жоспарын бөлісе алмапты. Себебі мұнда не тұрғызатынын өзі де білмейтін болып шықты.  

Ал қала әкімдігі мамандарының айтуынша, жер телімі жекенің атына тіркелген.  Бірақ «құрылыс бастаймыз» деп ешкім ескертпеген. Сондықтан жауаптылар рұқсатсыз құрылыс жүргізудің заңсыз екенін еске салды. Сонымен қатар бұл жердің нысаналы мақсаты - ЭКСПО нысандарының құрылысы екен.

– Осы ауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ. Демек ол жерге көппәтерлі тұрғын үй салуға қала құрылыс құжатында ешқандай жоспарға енгізілмеген. Сонымен қатар оған құрылыс бастауға бастапқы жобалық құжаттамаға рұқсат берілмеген еді, – деді Есіл ауданы жоспарлау бөлімінің басшысы Ғалымжан Нұрәділ.

Әкімдік өкілінің айтуынша, қандай да бір жер теліміне құрылыс жүргізбес бұрын жергілікті биліктен рұқсат алып, барлық рәсімнен сүрінбей өту керек. ЭКСПО маңындағы бұл жерге Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің өзі көпқабатты тұрғын үй салуға рұқсат бермеген.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана