|
24.08.2020 | 18:05
5683

Бауыржан Момышұлына 110 жыл: Алматылық жастар батырдың туған өлкесінде

Ондағы мақсат – батырдың биік тарихи тұлғасын тереңірек тану, оның өнегелі ерлігін бүгінгі ұрпаққа барынша үлгі ету

Бауыржан Момышұлына 110 жыл: Алматылық жастар батырдың туған өлкесінде Almaty.tv

Алаштың ұлы, батыр Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл. Айтулы датаға орай Алматы қаласының бір топ жастары Халық қаһарманының туған өлкесінде болды. Ондағы мақсат – батырдың биік тарихи тұлғасын тереңірек тану, оның өнегелі ерлігін бүгінгі ұрпаққа барынша үлгі ету. Бауыржан Момышұлы стратегиялық құжаттарды неге төте жазумен жазды? Даңқты қолбасшының кіндік қаны тамған ауылда Almaty.tv тілшісі Арнат Дүйсен де болып қайтқан еді.

Бұл – Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының өз даусы. Ол түгін тартсаң, майы шығатын Жамбыл облысындағы Жуалы ауданында, батырлар мекенінде өмірге келген. Жоңғар шапқыншылығының өзінде қасық қаны қалғанша күрескен ержүрек ерлер де осында туған. Қойгелді мен Есіркеп батырдың жолын кейін Батырбек датқа жалғады. Жалпы Жуалы өлкенсінен 11 генерал шыққан.  

«Бұлардың барлығының басында Бәукең тұрады. Өйткені Бәукең жер жүзіне белгілі. Қаһармандығымен, батырлығымен аты шыққан кісі. Сондықтан біз Бәукең туралы ерекше айтуымыз керек. Біздің тағы бір мақтан тұтатын нәрсеміз осы Жуалы өлкесінде Бәукеңнің кіндік қаны тамған. Бұл жерде Шерағаңдар дүниеге келген. Сондықтан осы екі кісіні ерекше атаймыз», – деді Өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев.    

Бұл бұлақты орны ерек, жөні бөлек. Себебі, дәл осы маңдағы ауылда батыр Бауыржан дүниеге келген. Ол жастайынан қайсар мінезді болды. Сондықтан болар, 4-сыныпқа дейін 28 шақырым жерге жаяу барып оқыды. Әкесі ұста, анасы зергерлікті кәсіп еткен. Бауыржан бойында жазушылық пен жауынгерліктен бөлек кесте тігу өнері болды. Оның қолынан шыққан бұйымдар мына музейде қаз қалпында сақтаулы. Бұл тарихи жәдіргерлер ғимаратының қабырғасы 1990 жылы қаланып, 95 жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келеді. Онда 2382 экспонат болса, оның 1144-і батыр Бауыржан атамыздың жеке  заттары.      

 Сұм соғыста қазақтың қайтпас қайсарлығын көрсеткен даңқты батыр Мәскеу үшін 207 рет шайқасқа түскен. Атақты Фидель Кастро пір тұтқан Бауыржан Момышұлы көзі тірісінде 3 мәрте Кеңес одағының батыры атағына ұсынылған. Қазақ баласын қызыл алаңда Момышұлы деп шақырмағаны үшін орнынан тұрып бармаған. Куба еліне барған сапарында алған сыйлықтары мен тіпті, батырдың киген шинеліне дейін осында сақтаулы.      

«Түп нұсқа бізде. Басқа музейлер көшірмесін алып жатыр. Тараз қаласында Даңқы залының екінші қабатында Бауыржан атамыздың орталығы бар. Сол жерде Бауыржан атамыздың кейінірек қолданған жазу машинасы бар. Біздегі суреттерді сканерлеу арқылы алып кеткен. Ол жақта суреттері ғана бар. Ал, мұндағыдай қолы тиген жеке заттары жоқ», – деді Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінің ғылыми қызметкері Сағадат Шілдебайұлы.    

Тағы бір айта кетерлігі батальон командирі Бауыржан Момышұлы стратегиялық құжаттардың барлығын төте жазумен жазған. Ондағы мақсат – жау қолына түсіп қалған жағдайда жоспар жария болып кетпесін деген. Осы сынды бірнеше құнды мағлұматты біліп қайтқан жастар жігерленіп, Алматыға жол тартты.

Арнат Дүйсен, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир