Биылғы жылдың алты айында Алматы мен Румыния арасындағы тауар айналымы 1,3 пайызға төмендеген. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Румынияның депутаттар палатасы төрағасының орынбасары Флорин Иордакамен кездесуінде мәлім болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазір қалада аталған елдің 6 кәсіпорыны және бір бірлесе жұмыс істейтін мекеме бар. Басқосу барысында инновациялық қолдау бойынша тәжірибе алмасу және бизнесті дамыту мәселелері, сондай-ақ, гуманитарлық ынтымақтастық перспективалар талқыланды.
Немістермен де экономикалық байланыс бәсеңдеген көрінеді. Алматы мен Германия арасындағы тауар айналымы жарты жылдықтың қорытындысы бойынша 23,5 төмендеген.
Бүгінде Алматыда Германиямен бірлесе ашылған 87 мекеме, ал 153 таза неміс кәсіпорындары жұмыс істейді.
Кездесу барысында Бақытжан Сағынтаев пен Германия елшісі Тило Клиннер арасында бизнес бастамаларды қолдау, Алматының әлеуметтік-экономикалық саласындағы инвестициялар мәселелері сөз болды.