Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Жетісу саябағында экологиялық акция өтті. Шараны «Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігі атынан саяси додаға түскен кандидат Сәдібек Түгелдің сайлауалды штабы ұйымдастырды. Саябақты қоқыстан тазалауға бағытталған акцияға студенттер де қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Үміткеріміз Сәбідек Түгел «Жер ана - жанымыз, ана тілі – арымыз» деп, ұлттық құндылықтарды басты орынға қояды. Ата-бабаларымыз ұланғайыр жерді аманаттаған болса, сол жерді көздің қарашығындай сақтап, осы акцияны ұйымдастырып отырмыз», – деді ҚР Президенттігіне үміткер С. Түгелдің сайлауалды штабының баспасөз хатшысы Базаргүл ҮМБЕТОВА.
«Отан анамызды аялап, қастерлеп ұстау үшін қаладағы қоқыстарды жинап жүруіміз керек. Солайша өзімізден кейінгі ұрпаққа өнеге көрсетеміз», – деді студент Сезім БАЙДІЛДӘ.
«Саябақты тазарту балаларды отансүйгіштікке, өз елін, жерін сүюге үйретеді. Бұл – көпшіліктің демалатын орны. Сондықтан да әрқашан таза болғаны дұрыс. Бүгін соған аз да болса үлес қосып жатырмыз», – деді ҚР Президенттігіне үміткер С.Түгелдің сайлауалды штабының өкілі Ынтымақ ҚҰЛТАСОВ.
Кез-келген қаланың тазалық көрсеткiшi жергілікті халықтың мәдени деңгейiн аңғартады. Сол себепті барлығын әрбір азамат өзінен бастау керек дейді шараны ұйымдастырушылар.