Қазақстанда жас ғалымдарға арналған тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бастамашылар ғылымға бет бұрған мамандардың мұхит асып кетпеуіне ықпал етпек. 1 желтоқсаннан бастап «Отбасы банкі» 9 өтінімді мақұлдапты. Баспанаға қол жеткізу үшін қойылатын басты талап – үміткердің жасы 40-тан аспауы керек. Магистратураны бітіріп, ғылыми-зерттеу жұмыстарындағы жұмыс өтілі 3 жылдан кем болмауы қажет. Ипотека 19 жылға беріледі. 20 миллион теңгеге дейін ала алады.
– Бұл бағдарлама бойынша үй алу үшін рәсімделетін ипотека сомасының 10 пайызын алғашқы жарна етіп төлеуі керек. Жас ғалым егер 20 миллион теңге рәсімдесе, онда ол алғашқы 8 жыл бойы айына 155 мың теңге төлеп тұрады. Тоғызыншы жылдан бастап ай сайын құятын сомасы 84 мың теңге болып өзгереді. Біздің ойымызша, осындай бастамалар арқылы ғылыммен айналысатын азаматтарды елде ұстап қалуға болады, – деді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Жас ғалым пәтерді Қазақстанның кез келген өңірінен ала алады. Бұл бағдарлама аясында үй кезегіне тұрудың қажеті жоқ. Несие түскен өтінімге қарай рәсімделе береді. Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмет-Зәкидің айтуынша, бұл жастардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған жалғыз бағдарлама емес.
– Қазір өздеріңіз білесіздер, жергілікті өңірлерде де осындай бағдарламалар бар. Мәселен, «Алматы жастары» бағдарламасымен жастар үйлі болды. «Отбасы банкі» және өз тарапымыздан қолдау болады, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмет-Зәки.
Жас ғалымдардың тиімді шартпен үй алуына арналған бағдарламаға қаражат «Отбасы банкінің» табысынан бөлінеді. Яғни, жастарға алдағы 5 жылда 16 миллиард 600 миллион теңге несие беру көзделіп отыр. Елдегі 24 ғылыми ұйымның қызметкерлері мен 29 жоғарғы оқу орнының жұмысшылары баспанаға қол жеткізеді.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Алматы оқушылары PISA халықаралық зерттеуі бойынша көш бастап тұр