Тіршілік нәрінен тарыққан Жамбыл облысындағы диқандар жергілікті билікке наразы, деп хабарлайды Almaty.tv.
Байзақ ауданындағы 300-ден аса шаруа қожалығының иесі егін алқаптарына ағын су жетпей, шырайы қашқанын айтады. Соның салдарынан өнімдеріміз қурап жатыр деген олар жауапты мекемелер мәселені реттеп, тиісті текше метр суды үлестіріп беруін сұрайды.
«Маусымның ортасы болды, әлі су жоқ. Жер құрғақ болса да егін алқабын орып алдық. Суарайық десек, құрғақшылық болып жатыр», – дейді шаруа Кеулімжай Шаттықбаев.
«Қазір жеріміз түгел қурап жатыр. Бізге қыс азығын дайындау керек. Міне, осындайдан қымбатшылық туады», – дейді шаруа Бердібек Қожантаев.
«10 гектар жоңышқамыз бар. Бірінші орымды жауын-шашынмен ордық. Екінші орымға су жоқ, сап-сары болып, қурап жатыр. Ал енді қысқа мал азығын қай жақтан аламыз? Сатып алайын десең, шөп қымбат», – дейді шаруа Рысбек Смайылов.
Расымен де, егін алқаптарынан бастап, елдімекендердегі тал-дарақтың бәрі қурап тұрғаны байқалады. Өйткені ағын су жоқ. Дәл осындай ахуал аудандағы бірнеше ауылда көрініс тауып отыр. Мұндағы жұртшылық та тіршілік нәрінен тарыққанын айтады.
«Халық көп ақша жұмсап, жұмыс істейді. Су мекемесі бір қасық су бермейді», – дейді диқан Райымбек Рүстембеков.
Бұл күрмеудің шешімін табуға міндетті «ҚазСуШар» мекемесінен де жауап алдық. Олардың айтуынша, айыр қалпақты ағайын ағын суды аз беріп жатқан көрінеді.
«Киров су қоймасына түсіп жатқан судың көлемі – 1,5 текше метр. Былтыр бұл көрсеткіш 55 текше метр болатын», – дейді «ҚазСуШар» РМК Жамбыл филиалының директоры Ерлан Өтегенов.
Бұл мәселе егін егіп, нәпақасын тауып отырған елдің еңсесін түсіргені рас. Бұған дейін әр гектардан 200 түк шөп алып жүргендер биыл небәрі 60-70 түк мал азығын жинаған. Жағдай жөнге келмесе, ет өнімінің бағасы да қымбаттауы мүмкін екен.
Жомарт Есқара, Тілеуқабыл Саржан, «Алматы» телеарнасы