Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабек «Депрессивті аймақтарды дамытудың жол картасын» қабылдауды ұсынады, деп хабарлайды informburo.kz.
Аймақтардың даму деңгейіндегі айырмашылық күн өткен сайын ұлғайып, жағдай күрделеніп келеді. Өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық дифференциация* салдары бүгінде халықтың саяси, құқықтық санасынан да көрініс табуда. Аймақтардағы «жабайы» өмірге таңданысымыз – оларды қаншалықты ұмытқанымыздың нәтижесі.
Өкінішке орай, біз экономиканы диверсификацияламай (әртараптандыру)**, қоғамды дифференциациялап алдық. Яғни, қоғамымыздың дифференциациясы тіл, дін, материалдық жағдай, ауыл-қала, ру бөлінісінен көрініс тауып отыр еді. Енді Жамбыл облысының Қордай ауданындағы жағдай – этносаралық деңгейге көтерілгеніміздің бір айғағы. Бұл, әрине, өркениетті, дамыған қоғамның көрінісі емес.
Аймақтардағы қазіргі ахуалды сипаттайтын болсақ, халықтың басым бөлігінің тұрақты жұмысы, жоғары табысы жоқ, көп отбасылар әлеуметтік жәрдемақыларға «байланған». Инфрақұрылымды сөз етсек, ауыз су мен жолдар сапасыз, интернет қолжетімсіз, білім беру, денсаулық сақтау салалары дамымаған, мамандар тапшы.
Депрессивті өңірлер
Қордай ауданындағы жағдайға этно-саяси талдаулар жасалып жатыр. Алайда, мәселенің әлеуметтік-экономикалық себептері де бар. Өйткені, кез-келген әлеуметтік жанжалды оның қалыптасқан ортасынан, яғни, «әлеуметтік фонынан» айырып қарастыруға болмайды.
Өңірдегі құқықтық сананың төмен деңгейі туралы да пікір айтылды. Бірақ, құқықтық мәдениет қалыптасу үшін құқық қорғау органдарының әділетті жұмысынан бөлек, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер де жоғары болуы тиіс. Адам өзінің базалық қажеттіліктерін қанағаттандырмай, кейінгі деңгейлерге көше алмайды.
Экономистердің зерттеуінше, еліміздің ең депрессивті аймақтар бестігіне келесі өңірлер кіреді:
Түркістан облысы;
Жамбыл облысы;
Шығыс Қазақстан облысы;
Маңғыстау облысы;
Алматы облысы.
Байқап отырғанымыздай, қақтығыс орын алған Жамбыл облысы Қазақстан бойынша тек Түркістан өңірінен ғана озық.
Сөзімізге Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті ұсынған деректер дәлел. Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне үңілсек, республика бойынша ең төменгі орындардың бірін иеленетінін аңғарамыз.
Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері (2018, 2019 жылғы мәліметтер):
Халық саны – 1 125 442 адам – 6-орын;
Жұмыссыз адамдар саны – 26 035 адам – 6-орын;
Орташа айлық жалақы көлемі – 109 720 теңге – 16-орын;
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 180 410 адам – 4-орын;
Кедейшілік деңгейі (күнкөріс минумымынан төменгі кірісі бар халықтың үлесі) – 4,6% – 6-орын;
Орташа жан басына шаққанда халықтың номиналды кірістері – 61 301 теңге – 15-орын;
Барлық экономикалық қызмет түрлері бойынша өнеркәсіптік өндірістің көлемі – 464 808 млн теңге – 16-орын;
Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім (2019 ж., 9 ай) – 950 700 теңге – 16-орын.
Ресми статистикаға сүйенсек, Жамбыл облысындағы жұмыссыз адамдар саны – 26 035, ал өзін-өзі жұмыспен қамтушылар – 180 410 адам. Шындығында жұмыссыз ретінде тіркелмеген азамттар бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін, сонымен қатар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың ішінде де бәрінің бірдей тұрақты табысы бар деп айту қиын.
Аймақтағы орташа айлық жалақы көлемі 109 720 теңге. Ел бойынша 16-орында, одан кейін тек Түркістан облысы тұр. Кедейшілік деңгейі, яғни, күнкөріс минумымынан төменгі кірісі бар халықтың үлесі 4,6 пайыз. Бұл көрсеткіш те шынайы жағдайды көрсетпейді. Себебі, күнкөріс минумымының өзі аз. Сондықтан, орташа жан басына шаққандағы халықтың номиналды кірістерін қарау керек: бұл көрсеткіш Жамбыл облысында – 61 301 теңге, еліміз бойынша ең соңғы орындардың бірі – 15-орын.
Экономикалық өзгерістер қажет
Осылайша, Жамбыл облысындағы этносаралық мәселеден бөлек, «әлеуметтік фонның» өзі қалыпты, тұрақты емес. Экономикалық тұрғыда күрделі өзгерістер қажет. Әрине, шенеуніктерді қызметтен босату, жаңа әкім тағайындау, кінәлілерді жазалау, қираған үйлерді тұрғызу секілді жұмыстар, шындығында, орындалуы тиіс жұмыстар тізбегі ғана. Дегенмен, бұл – мәселенің негізгі себептеріне үңілу емес, тек салдарымен күресу. Құрылған үкіметтік комиссия да осы бағытта жұмыс істейді. Бұған дейінгі әлеуметтік жанжалдар кезінде қолға алынған сценарийлердің бәрі бірдей.
Әлеуметтік мәселелердің қайталануын болдырмау үшін құрамына оның негізгі себептеріне үңілетін сарапшы мамандар, ғалымдар кіретін комиссия не зерттеу орталығы құрылуы тиіс. Мысалы, Жамбыл облысындағы жағдайдан кейін өңірлерді дамыту саясаты қайта қарастырылуы қажет деп есептеймін.
Әсіресе, депрессивті облыс, аудан, ауылдардың ара-жігі анықталып, әр елді мекенге бағытталған жұмыстар жоспары бекітілуі тиіс. Әрбір елді мекен зерттелуі керек деуімнің себебі бар. Мысалы Алматы облысында мегаполиске жақын аудандарында ғана халықтың тұрмысы жақсы, ал шалғай жатқан аудандары (әсіресе, Балқаш ауданы) мен шекара маңындағы елді мекендерге интернет тұрмақ, ауыз су мен жол да әлі бармаған. Өзге өңірлердегі жағдай бұдан сорақы болмаса, тәуір емес.
Макроэкономикалық көрсеткіштер өңірдің дамуының өлшемі бола алмайды.
Сондықтан, этносаралық қана емес, басқа да сипаттағы әлеуметтік жанжалдар бұдан кейін де өзге облыстардың (Әсіресе, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Алматы облыстарының) орталықтан шалғай елді мекендерінде қайталануы әбден мүмкін деп ойлаймын. Себебі, аталған аймақтардың шынайы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері көңіл көншітерлік емес.
Қазақстанда соңғы уақытта халық толқуларынан кейін әлеуметтік төлемдерді арттыру дәстүрге айналып келеді. Шындығында, бұл – мәселенің шешімі емес. Ол қайта «кедейлік қақпанына» алып келеді. Сондықтан, бірінші кезекте халықты тұрақты жұмыспен қамтитын, нақты өнім шығаратын өндіріс ошақтары іске қосылуы қажет. Тұрақты жалақы, тұрақты жұмыс орындары ашылуы тиіс. Өңірлер дамымай, ел өркендемейді. Бұл айдан анық.
Осы тұста Үкімет өңірлерді зерттемей, орталық қалалар өлшемімен қабылдаған бағдарламаның бірі – «Рухани жаңғыру» дер едім. Бұл бағдарламаның құндылықтары Алматы, Нұр-Сұлтан тұрғындарына ұғынықты болар, ал тұрақты жұмысы, жалақысы жоқ, өмір сүру деңгейі төмен аймақтардың тұрғындары үшін ол ертегі сияқты. Сонымен қатар, халықты жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларында да өңірлік ерекшеліктер ескерілмеген.
Мысалы, белгілі бір мамандықтар бойынша жалпы жұмыс орындары жоқ болса, жұмыссыз адамдарды сол мамандықтарға жаппай қайта оқыту, біліктілігін көтеру қаншалықты дұрыс?! Осындай қисынсыз жұмыстарға бюджеттің қыруар қаржысы жұмсалды және әлі де жұмсалып жатыр.
Соңдықтан, Үкіметтің бағдарламаларының барлығын өңірлердің сұранысын зерттеп барып, «төменнен жоғарыға қарай» принципімен қайта қарастыруын ұсынамын. «Депрессивті аймақтарды дамытудың жол картасын» қабылдау қажет. Олай жасамайтын болсақ, тағы қай жерден қандай әлеуметтік кикілжің туындайды деп қорқа күтіп отыруға тура келеді.
*Дифференциация (әлеуметтік) – ағылшын тілінде differentiation, social; әлеуметтік топтар мен адамдар арасындағы биологиялық, физиологиялық және әлеуметтік-мәдени факторлар негізінде, жынысы, жасы немесе этникалық белгілері, қоғамдағы рөлдер мен мәртебенің бөлінуіне әкелетін айырмашылық.
**Экономикалық диверсификация (әртараптандыру) – бұл экономиканы кірістердің бір көзінен алыстап экономика қалыптасқан секторлар мен нарықтардан бірнеше жаңа көздерге көшіру процесі. Дәстүрлі түрде ол оң экономикалық өсу мен дамуды ынталандыратын стратегия ретінде қолданылады.