1 ақпаннан бастап Алматы халықаралық әуежайына 150 шақты халықаралық рейс келіп қонса, оның ішінде 17 мыңнан астам жолаушы болған. Соның 200-ге жуығы Қытайдан келсе, күдікке ілінген 42-сі толыққанды тексеруден өткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Абырой болғанда, ешкімнен қауіпті індеттің белгілері анықталмаған. Бүгін Алматы қалалық штабында қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың бастамасымен халықаралық әуежай тағы да тексеруден өтті.
«Мұндай тексеру күнде жүргізіліп жатыр. Үкіметтік емес ұйымдар мен волонтерлар келіп, күні-түні тексеріп жүр», - деді қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат МОЛДАҒАСЫМОВА.
Алматыда коронавирустық инфекцияның таралып кетпеуіне арналған эпидемиялық шаралар қарқынды жұмыс атқарып жатыр. Қалалық штабтың басқаруымен бүгінгі таңда жағдай толық бақылауда. Жеке басты қорғайтын киімдер мен медициналық препараттар жеткілікті дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
«Қаламызда бұдан бөлек резервтік госпиталь осы қауіпті аймақтардан келетін, әсіресе ҚХР-ден келетін адамдарды оқшаулауға инкубациялық кезеңді толық өткіздык, яғни сырттан келген жолаушылардың денсаулығын тексеріп болғанға дейін оларды оқшаулауға даярмыз», - деді Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.