Электромобиль иелері тұрақжай үшін ақы төлей ме

17.01.2024 23:07

Тоқпен жүретін темір тұлпарларға қатысты жаңа заң төменгі палата қабырғасында қаралды

Фото: elements.envato.com

Қазақстанда енді электрокар иелері салық пен утильалым төлемейді. Тоқпен жүретін темір тұлпарларға қатысты жаңа заң төменгі палата қабырғасында қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанда тоқпен жүретін темір тұлпарларға жыл санап сұраныс артып жатыр. Бұл көлік түрі әлемдік сатылымда осыдан 3 жыл бұрын 3 млн 240 мыңды құраған. Тек өткен жылдың өзінде 17 млн электромобиль сатылып, сұраныс 5 есеге артыпты. Болжам бойынша 2030 жылға қарай жанар-жағармаймен жүретін көлік түрлері азаюы мүмкін.

– Бұл заңды қабылдап, өндіріске енгізіп жатқан себебіміз – инфрақұрылымды дайындау. Келер жылы олардың саны 20 мың, арғы жылы 50 мың болады. Сондықтан оларды қуаттайтын станцияларды орналастыру керек. Болашақта барлық жолда көліктерді қуаттайтын станцияларға жер беріледі, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты Самат Мұсабаев.

Мәжілісмендер қарауға алған заң жобасы тоқпен жүретін көліктердің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Бастама тек мемлекетке ғана емес, кәсіпкерлікке де оң ықпалын тигізетін көрінеді. Электромобильдерге жасалатын ең алғашқы жағдай  – әуежай, тұрғын-үй тұрақтарынан орын қарастыру және сауда кешендерінде көлікті қуаттайтын электр стансаларын орнату. Қазір жер беру, заңдастыру мәселелері тиісті министрлікпен пысықталып жатыр. Жолдарды жобалау кезінде олар үшін бөлек орындар жабдықтау да ескеріледі.

– Заң жобасы электрмен жүретін көліктердің инфрақұрылымын дамытуға, оларға жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл көлік түрі экологиялық жағынан тиімді. Өздеріңіз білесіздер, жанар-жағармаймен жүретін темір тұлпарлар ауаны ластап жатыр. Астана, Алматы қалаларында ластану деңгейі жоғары. Сондықтан біз әлемдік тәжірибеге сүйеніп, осы бастаманы қолға алып жатырмыз. Қазір елде «жасыл» көліктерге сұраныс көбейіп отыр, – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев.

Депутаттар дерегінше, қазіргі қолданыстағы жанармай стансаларына тоқпен қуаттайтын орын ашу міндеттелмейді. Сұраныс күрт артқан кезде бизнес өкілдерінің өзі қызығушылық танытып, сала бастайды. Мұнымен қоса, мәжілісмендер тегін тұрақ беру бастамасын да ұсынды. Электромобиль иелері тұрақжай үшін ақы төлеуден босатылса деген бастама көтерілді.

Айта кетсек, өткен жылдың қорытындысы бойынша елде 7793 электр көлігі тіркелген.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Қолайсыз ауа райы: жол жабылғанда тәртіпке бағынбаған жүргізушіге қандай жаза қолданылады