Аязды күнде тоңған тұрғындар мәселе шешілмесе, басқа пәтер жалдауға дайын
Алматы облысы Қаскелең қаласында 700 адам жылусыз отыр. Баспанада отырып, бойы жылымаған балалар жиі ауырып жатыр. Қазандық барлық үйді жылытуға күші жетпейді. Ал құрылысты салған мердігер мекеме мәселеге жергілікті билік жауапты екенін алға тартты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жылуға жарымаған жұрттың күні жалғыз қарайған қазандыққа қарап тұр. Олардың айтуынша, барлық үйді жылытуға оның күші жетпейді. Баспанасында дірдек қағып отырған көпшілік енді уақытша пәтер жалдап кетуге мәжбүр.
– Time Group компаниясына 2021 жылы қазанда ақша құйдым. Үй жылымайды, 700 адам жаурап жатыр. Төрт пәтер алдым, 60 млн теңге шықты, – деді Қаскелең қаласының тұрғыны Ләззат Шалабаева.
Жарнамасы жер жарып тұрған соң, көпшілік тұрғын үй кешенінен үй алуға асыққан. Олардың айтуларынша, құрылыс иесі пәтерлердің жарқыраған суретін көрсетіп, көңі аулапты.
Ал көңілі түскен көпшілікке кешігіп келген жауапты компания өкілі өздерін бұл жағдайға кінәлі санамайды. Керісінше, тұрғындар қосымша жылу құбырын жүргізіп алып, қысым төмендеген деп сендірді.
– Әкімдік үлкен жылу қазандығын қойып береміз деп уәде етті. Қазір уақытша орнатқан пештің барлық үйді жылытуға шамасы келмейді. Біз үй саламыз, ал ондағы инженерлік желілерге әкімдік жауап беруі тиіс. Қазір осындай уақытша қиындық бар, – деді мердігер мекеменің бригадирі Расим Асқаров.
Жылу сұрап жиналған тұрғындар жарты сағат сайын әкімдікке хабарласып көмек сұраумен болды. Алайда аязға тоңып, балтыры сыздаған бұқара алдына жергілікті билік өкілдері келмеді. Тек телефонмен ғана жауап жіберіп, жағдайды шешетінін айтты.
– 2022 жылы уақытша қазандық 6 үйге қосылса, биыл Time Group мекемесі 12 үйді қостырып отыр. Сол себепті жылудың күші азайды. Қаскелең қаласындағы Арнау тұрғын үй кешеніне 8 мегабайттық ПМК қазандығын орналастыру үшін ауданның Құрылыс сәулет және қала құрылысы бөлімі мен «Тепло- Энерго строй» ЖШС арасында келісімшарт жасалынды. Жалпы соммасы 207 млн 457 мың теңге. Монтаж орналастыру жұмыстары шамамен 2 апта уақыт алады, – деді Қарасай ауданы Құрылыс сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Жарас Қатубаев.
Жауаптылар 2 аптаның ішінде жаңа жылу қазандығын орнатып береміз деп уәде берді. Аязды күнде тоңған тұрғындар мәселе шешілмесе, басқа пәтер жалдауға дайын. Қазірдің өзінде бірі туысының баспанасын, енді бірі қонақүйді паналап жүрген көрінеді.
Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепперген, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қазақстанда электр энергетика саласында мамандар тапшы