Қазақстан әскерилері биыл екі халықаралық әскери жиынға қатысады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Беларусь аумағында өтетін оқу-жаттығуға Қарулы күштердің жеке құрамынан 80-ге жуық адам тартылады. Одан бөлек, Қырғыз Республикасында «Мызғымас бауырластық» оқу-жаттығуына да жеке құрамның 130 маманы, 30 әскери техника жұмылдырады. Қалған жиындарды Қазақстан жерінде өткізу жоспарланған. Қорғаныс министрлігінің өкілдері «мұндай іс-шаралар сарбаздардың біліктілігін арттырып, тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді» дейді.
Сонымен қатар, Қарулы Күштер құрамында қаладағы іс-қимылға бейімделген бөлімшелер құрылатыны белгілі болды.
«Урбанизацияланған жерлердегі іс-қимылға бейімделген бөлімшелерді құру жоспарланған. Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгерлік мүмкіншілігін арттыру шаралары пысықталып жатыр. Жүзеге асырылған іс-шаралар тез және батыл іс-қимылда десанттардың «Әмбебап» құрал ретіндегі рөлін арттыруға мүмкіндік берді. Осы перспективалық бағытты дамыту мақсатында біздер Бас штабта Ұшқышсыз авиация кешенін дамыту департаментін құрдық», – деді ҚР Қорғаныс министрлігі қарулы күштері бас штабы жедел жоспарлау департаменті бастығының орынбасары Дәурен Абдуллин.