Түркістан облысынан Алматы қаласына 200 тонна қырықабат әкелінді

02.05.2020 в 23:08

Әдетте жыл сайын Түркістаннан шыққан орамжапырақ өнімдері Ресейге экспортталатын

Түркістан облысынан Алматы қаласына 200 тонна қырықабат әкелінді, деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі.

Бағасы да тиімді. 1 келісі  35 теңге. Әдетте жыл сайын Түркістаннан шыққан орамжапырақ өнімдері Ресейге экспортталатын. Елдегі төтенше жағдайға байланысты, қазақстандық фермерлер өз тауарларын сыртқа саудалай алмай отыр. Облыс әкімі  Өмірзақ Шөкеев Үкіметтен мәселені шешіп беруін сұрап еді. Еліміздегі қала әкімдері бұл ұсынысты әп-сәтте қолдады. 

Мәселен, Алматыға 10 жүк көлігіне тиелген өнім жасыл дәлізбен жеткізілді. Ал, қала базарларындағы қызу сауда бүгін таңертеңнен басталып кетті.

Әдетте тұрғындар 1 келі қырықабатты 100-120 теңгеден ден сатып алып жүрсе, мұнда қазір ол 35 теңгеден сатылып жатыр. Дәл қазір мұндай тиімді бағадағы қырықабат қаладағы 8 аудан базарларында сатылып жатыр. Мәселен, Медеу ауданында орналасқан көкбазарда  тұтынушылардың қарасы қалың. Түркістанда егілетін қырықабаттың сорты ерекше. 

Ерте піседі. Өнімділігі жоғары. Жалпы Сарыағаш пен Келес ауданында жылда 7 мың гектардай жерге ерте пісетін қырықабат егіледі. Биыл да егіс көлемі сол шамада. Сәйкесінше, шыққан өнім де жоғары болды.

«Бұл шара Алматы қаласы мен Түркістан облысының арасындағы мемарандум аясында жасалып жатыр. Мұның мақсаты – тікелей фермерлерден Алматы қаласының базарларына ең арзан көкөністерді алып келу», – деді Алматы қалалық Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасы, агроөнеркәсіп бөлімінің бас маманы Данияр ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ.
Арзан бағадағы өнімге бәрінен бұрын қала тұрғындары дән риза. Сауда нүктелерінде тұтынушылардың қарасы қалың.
БЛИЦ:
–  35 теңгеден халыққа өте тиімді.  Бұл  жақсы нәрсе. Халықты осылай қамтып тұру керек, бәрін бірдей жауып тастағанша, халық қысылған кезде 35 теңгеден қырыққабатты әкелгені дұрыс болды.
–  Бұрын 100-120 теңгеден алып жүрдік. Барлық адамға тиімді. Қазір  көтере алғанымша алып кетем.
–  Осындай жеңілдік көп болса дейміз Қазақстанда. Өте тиімді, рақмет сіздерге.
Арзан бағадағы көкөніс қала бойынша барлық базарларда сатылып жатыр. Нақтырақ айтсақ, Айнабұлақ, Тау самалы, Көкбазарда, сонымен қатар бұған дейін жәрмеңке өтетін  орындардан да табуға болады. Қырықабат өнімі қала базарларында 2-3 күн бойына саудаланатын болады.

Ұлағат Арғын, Ескендір Тогусбаев, "Алматы" арнасы