Өркениеттен жұрдай: баспанасында суы жоқ тұрғындар пәтер жалдауға мәжбүр

04.05.2024 23:09

Бұл – Ақтөбе қаласынан 35 шақырым жерде орналасқан Үшқұдық ауылы

Almaty.tv

Ақтөбе іргесіндегі ауылдардың бірінде жұрт жарық пен сусыз өмір сүруге мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Ақтөбе қаласынан 35 шақырым жерде орналасқан Үшқұдық ауылы. Алғашқы үйлер 2018 жылы тұрғызыла бастаған. Қазір 300-ден астам үй бар. Бірақ әлі күнге не жарық, не ауыз су жүргізілмеген. Тұрғындар елдімекенде трансформатор орнатылғанымен, үйге электр энергиясын кіргізе алмай отырмыз деп шағым айтты. Себебі оның ішін тонап үлгерген.

– 2020 жылы үйге кірдік. Жазда отырамыз, күзде жалдамалы пәтерге көшеміз. Таза маңдай термен салған үйімізге тұруға жағдай жоқ, – деді Үшқұдық ауылының тұрғыны Гүлнәр Смағұлова.

Ұшқұдық ауылындағы жаңа үйдің сырты жылтырап тұрғанымен, ішінде жылу жоқ. Тіршілік нәрі болмаған соң, тұрғындардың көбі уақытша басқа жақта тұруға мәжбүр. Олардың айтуынша,  ифрақұрылымы жоқ тұрғын үйлер кезекте тұрған жандарға тегін берілген.

– Үйді салмай тұрған кезде ауылдың әкімі «егер үйді салмасаңыздар жерді заңмен күштеп қайтып аламыз» деді. Сосын үй салдық, бірақ су жоқ, жарық жоқ. Тіршілік нәрін қосып беруін талап етеміз, – деді Үшқұдық ауылының тұрғыны Ләззат Оспанова.

Тұрғындармен тілдесуге келген жергілікті билік өкілі 2016 жылы азаматтарға бұл жердің тегін таратылғанын растап отыр. Алайда ол кезде инфрақұрылым туралы сөз қозғалмаған. Бұл мәселе жедел шешілмек.

– Егер үйдің барлығы жақын арада салынатын болса, бюджеттен ақша қарастырып, электр желісін тартып береміз. Бірақ екінші мәселе бар, желі толық іске қосылуы тиіс. Оның шығыны бар, тұтынушы жоқ болса, мемлекет төлеуі тиіс болады, – деді Алға ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Кангужин.  

Ал ауыз су бойынша жергілікті билік сараптаманың қорытындысын күтіп отыр. Соның нәтижесі негізінде орталық су құбырына қосу мәселесі шешіледі. Сондықтан тұрғындарға тағы да күтуден басқа амал болмай тұр.

Өмір Серікбекұлы, Лейла Әуесова, Жомарт Құдайберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: СҚО-да 80-нен аса адамды кене шаққан