Олар ел тұтастығына төнген қауіпті еңсеруге барымыз салдық, бірлігіміз бұрынғыдан да беки түсті дейді
«Антымызға адал болдық». Елді жауға бермеген, қызғыштай қорғаған сарбаздар қасіретті қаңтар оқиғасын осылай деп еске алды. Олар ел тұтастығына төнген қауіпті еңсеруге барымыз салдық, бірлігіміз бұрынғыдан да беки түсті дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ескендір Ерлікұлы қасіретті қаңтардағы қырғынды көрген түстей еске алады. Ол алаңға он мыңнан астам адам жиналғанда, өз көзімізге өзіміз сенбей аңтарылып қалғанымыз рас деп ағынан жарылды. Бірақ басты міндет – берілген бұйрықты бұлжытпай орындап, бейбіт тұрғындарды қорғау болды дейді. Жауынгерлер топ-топқа бөлініп, содырлармен соғысты бастап кеткен. Сондай қақтығыстардың бірінде майор Ескендір Ерлікұлының қатты соққыға жығылып, екі қабырғасы сынады. Сонда жараланғанын қызуқандылықпен байқамай жүре беріпті.
«Адреналиннің арқасында ауруды сезбедік. Келесі күні кешке жақын келгеннен кейін, тексерілген соң байқала бастады. Ауырған тұстар, ісінген, сынған жерлерді кеш сезіндік. Сонда да біздің жауынгерлер мықты. Бірін-бірі тастамай, сүйреп жүріп алып келді. «Қашып кеткен» деген әңгіме Ұлттық ұлан сарбаздарының ішінде болған емес», – деді ҚР Ұлттық ұланы 5571 әскери бөлімінің қару-жарақ бастығы Ескендір Мамытбеков.
Ал 5571 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген Аңсар Жанықұлов шабуыл кезінде қорқыныш атаулыдан ада, көздері қанталаған, сақалды адамдармен бетпе-бет келгенін айтады. Олар темір, ағаш, шоқпар ұстап бас салды дейді.
«Назарбаев көшесінде келе жатқанбыз. Шитті көтеріп жатқан кезде бір адам басымнан ұрды. Каскаға тиді. Сосын аяқтан ұрды. Сол кезде қатты соққы алдық. Біраз жол жүрдім, сезбедім. Біраздан соң өзімнің сержантым келіп көмектесті», – деді ҚР Ұлттық ұланы 5571 әскери бөлімінің сарбазы Аңсар Жанықұлов.
Оқиғаның дәл ортасында болған сарбаздарға бейбіт тұрғындар да талай көмектесіпті. Ал қатардағы жауынгер Айбат Алпысбай халықтың арандап қалғанына жаны қынжылады. Бейбіт шерудің арты осылай ойранға ұласты дейді.
«КамАЗ-дың ішінде отырғанбыз. Бір кезде қасымдағы әріптесімнің бетіне сырттан ірі көлемдегі тас қатты тиіп кетті. Басында іштей қорқыныш болды. Бірақ оны тез жеңдік, антымызға адал болуды ойладық. Осы оқиғадан өзім адамдардың құр сөзге қалай еретініне көзім жетті. Содан сабақ алдым», – дейді ҚР Ұлттық ұланы 5571 әскери бөлімінің сарбазы Айбат Алпысбай.
Жастары небәрі 18-20-дағы жігіттердің таным, көзқарастары бірден есейіп кеткендей. Бұл тосыннан тұтанған қырғын әрбір әскери қызметкердің, сарбаздың елінің қорғаны екенін айқындай түсті.
«Қолын, басын емдегеннен кейін «қайтадан шығайықшы, майор мырза, қайтадан барайық, балаларымызды алып қайтайық, менен пайда болады» деген сарбаздар болды. Олар сыр бермеді. Өзім сол кезде сарбаздардың намысшыл екенін көрдім. Өзім соған қуанып, ондай солдаттарға разылықпен қарадық», – деді Ескендір Мамытбеков.
Ұлттық Ұланның бұл бөлімінде 900-ден астам сарбаз болса, соның барлығы дерлік ұрыстарда асқан айбындылық танытып, жігері мұқалмады. Бастысы, адам шығыны болмады, соған шүкір етеміз дейді мұндағылар. Бүгінде жауынгерлер бұрынғы күн тәртібіне оралған. Ал зардап шеккендер дертінен айығып, қатарға қайта қосылған.
Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы