Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві ТМД архившілерін қарсы алды

Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві ТМД архившілерін қарсы алды
Кездесу барысында жиналғандар ТМД елдерінің архив мекемелерімен өзара тәжірибелік іс-қимылдар мен бірлескен жобаларды ұйымдастыру мәселелерін талқылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жуырда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде ТМД елдерінің архив мекемелері басшыларының кәсіби кездесуі өтті. Іс-шараға Армения, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей архившілері қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Іс-шараны ашқан Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Ә.Қ.Мұстафина Архивтің қызметі, қол жеткізген нәтижелері, жаңа бастамалары мен перспективалық жоспарлары, сондай-ақ ағымдағы жылдың маусымында бекітілген Архив қызметін жетілдіру және жаңарту жөніндегі шаралар кешені аясында әзірленген Архивті дамытудың 2035 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы айтып берді. Әлия Құсайынқызы білім беру жобаларына, атап айтқанда, жас архившілердің Халықаралық мектебі туралы тоқталып, 2023 жылы Алматыда ұйымдастырылатын келесі жастар форумына шақырды. ҚР Президентінің Архиві ұсынып отырған тағы бір халықаралық жобасы, архив ісінің өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен шешімдерді талқылау және қабылдау үшін кәсіби қауымдастықтың тұрақты жұмыс істейтін халықаралық үнқатысу алаңын құруға бағытталған "Ашық қоғамға – ашық Архив" архившілер Конгресі болып табылады. Кездесу қонақтарын ағымдағы жылдың қазан айына жоспарланған архившілердің I Конгресінің жұмысына қатысуға шақырды.

Архивші әріптестерге арнайы экскурсия ұйымдастырылып, олар Архивтін оқу залы мен кітапхананың жұмысымен, архивтік құжаттарды цифрландыру, микрофильмдеу және қалпына келтіру процестерін көріп шықты. Экскурсия барысында Архив қызметкерлері әріптестерімен өз тәжірибелерімен бөлісіп, көптеген сұрақтарға жауап берді, заманауи архив жабдықтарын қолдану жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар қонақтарға М.Қ.Қозыбаев пен Ж.Ш.Шаяхметовтың жеке тектік қорлары бойынша дайындалған құжаттар жинақтары және Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қорлары бойынша 2021 жылы басылып шыққан жөнсілтер сыйға берілді.

Кездесуге

ТМД Атқарушы комитеті Экономикалық ынтымақтастық департаментінің консультанты М.А. Кулагина;

Әзербайжан Республикасы Ұлттық архиві басқармасының жариялау және пайдалану бөлімінің меңгерушісі Н.С. Эминов;

Армения Республикасының Ұлттық архивінің директоры Г.М.Аршакян;

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Спорт Министрлігінің архив ісі және құжаттама Комитетінің төрағасы Б.Қ.Бораш;

Шу облыстық мемлекеттік архивінің директоры Г.Т. Оморова (Қырғызстан);

Ресейдің Федералдық Архиві агенттігі бастығының орынбасары А.В.Юрасов, Бүкілресейлік құжаттану және архив ісі ғылыми-зерттеу институтының директоры П.А. Кюнг, Ресей мемлекеттік экономика архивінің директоры Е.А. Тюрина, Ресей мемлекеттік әдебиет және өнер архивінің директоры О.А.Шашкова, Ресей мемлекеттік экономика архивінің бас ғылыми маманы В.В.Кондрашин, Омбы облысының мәдениет министрлігінің Архив басқармасының бастығы Г.И. Растягаева, Орынбор облысының Архив істері жөніндегі комитетінің төрағасы И.М.Останина;

«Өзархив» Агенттігінің директоры У.М. Юсупов, Өзбекстан Республикасы «Өзархив» агенттігінің халықаралық қатынастар бөлімінің бастығы Д.С. Дадаева, Өзбекстан Ұлттық архивінің директоры Д.Т.Закирова және басқалар қатысты.

Кездесу барысында жиналғандар ТМД елдерінің архив мекемелерімен өзара тәжірибелік іс-қимылдар мен бірлескен жобаларды ұйымдастыру мәселелерін талқылады.

Новости партнеров