СҚО-да Украина мен Ресейден елге оралған қандастардың саны артты

02.02.2023 00:08

2022 жылы 130-дан артық қандас елге оралды

elements.envato.com

«Отан оттан да ыстық». Украина мен Ресейден елге оралып, Солтүстік Қазақстанға қоныстанған қандастардың саны артты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ресейде туып, өскен Дәулет Сыздықов былтыр жазда Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келген. Ол қандас Петропавлдан баспана алған.

«1,5 айдың ішінде құжаттарды ресімдеді. Балалар жұмысқа орналасты. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс салдарынан қиындық туындады. Біз елге келдік», – деді қандас Дәулет Сыздықов.

Ал 5 жасар Әсел күрделі геосаяси жағдайға байланысты 6 ай бұрын Қазақстанға қоныс аударған. Ол қызымен бірге Астанада пәтер жалдап тұрады. Бірақ жолдасы Александр Украинада қалуға мәжбүр болған.  

«Тарихи Отаныма, Қазақстанға барғым келетін. Өкініштісі, ақпанда басталған Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың кесірінен кетуге мәжбүр болдым. Украинада жұмыстан айрылдық. Ол жерде тұру кауіп төндіре бастады. Ата-анамды алып, Казақстанға көшіп келдік. Жұмысқа орналастым. Ал жолдасым Украинада қалды, ол – әскери қызметкер. Бір айдан бері күйеуімнен хабар ала алмай отырмыз», – деді қандас Әсел.

Әлеуметтік қорғау департаментінің дерегіне сәйкес, 2022 жылы Солтүстікке Ресейден 130, ал Украинадан 1 қандас оралыпты. Соңғы жылдары өңірге ТМД елдерінен көшкен азаматтар саны көбейе бастаған.  

«2022 жылдың 20 ақпаннан бастап облыс аумағына 682 азамат қоныс аударды. Оның ішінде 2 азамат Украинадан, 680 адам Ресей Федерациясынан келді», – деді Көші-қон басқармасының аға инспекторы Жанат Сағынтай.

Этникалық қазақтар субсидия түрінде мемлекеттік қолдау алуға құқылы:

  • отбасының әрбір мүшесіне көшуге 70 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем (241 500 теңге );
  • тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығындарын жабу үшін төлем 1 жыл ішінде ай сайын төленеді (әр адам үшін 15 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін);
  • отбасының құрамы мен қоныстандыру орнына байланысты 1 жыл бойы  төленеді (51 750-103 500 теңге аралығында).

Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, Алматы телеарнасы, СҚО-дан