Көбейген киік, кейіген шаруа. Ақмола облысында ақбөкендер саны артып келеді. Биылғы төлдеу маусымында сайын дала сұлуларының саны екі есе өседі деген болжам бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл қыста Сарыарқа төріне көп киік келіпті. Сағымдай созылған сары даланы еркін кезген ақбөкендерді алыстан тамашаладық.
Жыл өткен сайын бұл киелі жануардың көбейгені мұндағы шаруаларға ыңғайсыздық туғыза бастаған. Көктемде қыруар күш салып еккен егіндері ақбөкендерге азық болады екен. Диқандар ала жаздай алқапты күзетіп шаршаған. Ал амалдамаса, күзде шығынға батады.
«10 мамырдан бастап егін егеміз. Сол кезде киіктің төлдейтін уақыты келеді. Олар бір лақтаған соң шықпайды. Лақ алысқа жүре алмайды ғой, қанша айдасыңыз да, кетпейді. Мәселені төлдемей тұрып шешу керек. Жыл сайын олар көбейіп жатыр. Көбейген сайын біз шығынға батамыз», – деді шаруа қожалығы директорының орынбасары Абылай Медеубаев.
«Өткен жылы 12 мың гектар алқапқа егін ектік. Оның тең жартысын киіктер таптап тастады» деді шаруа иесі. Ақбөкендерден әбден зәрезап болған диқандар не істерін білмей дал. Сондықтан Үкімет киікке қатысты мәселені біржақты етуін талап етіп отыр.
«Қазір фермерлер киік санын реттеу мәселесін шешкенсе, мекеме инспекторлары мен аңшылық шаруашылық қызметкерлері күшін пайдалана отырып, ақбөкендерді алқаптардан қору жоспарланып отыр», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі комитетінің бас сарапшысы Асқар Әбдірахманов.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары елдегі киіктердің саны 1 миллионнан асып жығылатын. Бірақ мүйізі зор сұранысқа ие болып, тұяқты жануарлардың саны 10 жыл ішінде 21 мыңға дейін азайып кеткен. Былтыр ел үкіметі ақбөкендерді атуға тыйым салды. Нәтижесінде жыл сайын киіктердің саны орта есеппен 40 пайызға өсіп келеді. Биыл 1 млн 800 мыңға жетеді деген болжам бар.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы