Қазақстанда байлық салығын енгізу 2022 жылы қарастырылады

26.11.2021 01:22

Бұл туралы Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев айтты

Фото: turkystan.kz

Қазақстанда байлық салығын енгізу 2022 жылы қарастырылады. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев  айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл мәселені алдымен Сенат отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы көтерді. Ол байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық өсіп келе жатқанын мысал етті. Және бұл мәселені шешуді Президент тапсырғанын жеткізді.  

«Халықаралық тәжірибеде бар. Көптеген елдерде сән-салтанатқа арнайы салық енгізу өте өзекті мәселе деп есептеймін. Бұл жерде қымбат-қымбат элиталық жылжымайтын мүлік, ұшақтар, яхталар, көліктер, зергерлік бұйымдар сияқты сәнді заттарға салық салудың әділ жүйесін қалыптастырады деп ойлаймын. Осыдан бір жыл бұрын сол кездегі Ұлттық экономика министріне қойған кезде осы бағытта жұмыс жасаймыз деген болатын. Бірақ өкінішке қарай, мына салық Кодексінен көрмедік», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы.

Өз кезегінде Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев аталған норма келесі жылы қаралады деп тағы уәде етті. Сенатта сондай-ақ мобильді аударымдарды реттейтін Заң  мақұлданды. Дәлірек айтсақ, екінші деңгейдегі банктерді, азаматтардың мобильді төлемдері мен аударымдары туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына беруге міндеттейтін норма «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексті қолданысқа енгізу туралы» заңында қабылданған. Осылайша салық органдарына банк құпиясы ашылады. Жасанды интеллект арқылы жосықсыз кәсіпкерлерді анықтап, тексеру жоспарланған.