Елімізде әйелдер арасында темекі шегу көрсеткіші артып келеді – Жанар Қалмакова

27.05.2022 23:11

Мамандардың айтуынша, жыл сайын 35 мың онкологиялық ауру түрі анықталса, оның 30 пайызы өкпе патологиясына қатысты тіркеледі

Елімізде әйелдер арасында темекі шегу көрсеткіші артып келеді. Ал ерлер арасында керісінше төмендеген. Бұл туралы «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жанар Қалмакова айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Темекі індетін тежеу тақырыбында өткен брифингте мамандар жасөспірімдер арасында электрондық шылымға әуестік күрт көбейгенін сөз етті.

«Акциз саясатын енгізгеннен кейін, шылым бағасы қымбаттаған соң елімізде дәстүрлі темекі өндірісі төмендеп, қолданушылар әлдеқайда азайды. Алайда, вейп шылымдар мен қыздырылған темекі сияқты жаңа өнімдерге сұраныс артты. Мысалы осы жылы 5 млрд дана өндіру көзделген, ал бұл көрсеткіш 2018 жылы жарты миллиард қана болған. Ең қауіптісі, вэйптерді жасөспірімдер мен балалар шегеді», – деді «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының көшбасшысы Жәмиля Садықова.

Ал Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева елімізде жыл сайын 35 мың онкологиялық аурудың түрі анықталса, оның 30 пайызы өкпе патологиясына қатысты болатынын айтады.

«Темекі шегетін адамдардан 40 жасқа келгенде әртүрлі онкологиялық аурулар анықталу қаупі бар. Сондықтан ересектер де, жасөспірімдер де қандай шылым түрі болса да, оның соңы неге әкелетінін түсіну керек. Жыл сайын негізгі көп таралған 4 ауру түрі бар.  Жүрек қан тамырлары, онкология, қант диабеті, тыныс жолдары ауруларын емдеуге еліміздің денсаулық сақтау жүйесі 222 млрд теңге жұмсайды», – деді ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева.