Түрксіб ауданының тұрғындары арнамызға шағым айтып, мәселенің ушығып бара жатқанын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олардың айтуынша, осыдан үш жыл бұрын қазылған қоршаусыз шұңқырға балалар түсіп мерт бола ма деп алаңдап отыр. Қанша шағым айтсақ та, аудан атқамінерлері құрғақ уәдеден ары аса алмай келеді дейді.
Тұрғындарды алаңдатып отырған қауіпті шұңқырдың қазылғанына үш жылдан асса да, мұнда әлі күнге дейін құрылыстың еш нышаны байқалмайды. Жыл өткен сайын жан-жағы құлап, іші қоқысқа толып, қауіп күшейіп келеді дейді жұрт.
«Мынандай оқиға болды. Былтыр қателеспесем тамыз айында осы маңда үлкен кісі немересімен қыдырып жүрген болатын. Қалай болғанын білмейміз, бала шұңқырға түсіп кетті. Сол күні демалыс болатын. Құзырлы мекемелерді шақырдық. Ешкім көмекке келмеді. Ақырында өзіміз әзер дегенде шығарып алдық», – дейді Түрксіб ауданының тұрғыны Салихат МАГОМЕДҚЫЗЫ.
Тұрғындардың сөзінше шұңғыр қазылған уақытттан бері еш өзгеріс жоқ. Алдында тұрғын үй, дәл іргесінде балабақша орналасқан. Ол аздай әкімдіктегілер үй маңындағы сарайларын түгелдей сүріп тастап, орнына балалар алаңқайын салып береміз депті. Алайда одан бері бір жылдан аса уақыт өткен. Әкімдікке бірнеше мәрте барып, үздіксіз хат жазғанымен, құрғақ уәдеден басқа жауап алмапты.
«Былтыр аудан әкімдігі өкілдері келіп, бізге өтініш те жасамай, сарайлардың сүрілетінін кесіп айтты. Біздің ойымызды тыңдамады. Олар бізге үй ауласына жөндеу жұмыстарын жүргіземіз, киім жаятын орын және балалар алаңын жасап береміз деген болатын. Өздеріңіз көріп тұрғандай еш өзгеріс жоқ», – дейді Түрксіб ауданының тұрғыны Оксана ВОРОНИНА
Тұрғындар уәжін тыңдауға аудан атқамінері де келді. Қазылған шұңқырдың иесі іздестіріліп, айыппұл салынатынын айтты. Ал аулаға тас жол төселіп, жарықтандыру мәселесі ғана қарастырылған екен. Олар бүгінде толықтай жүзеге асқан. Бос жатқан жер мемлекет меншігінде дегенге тұрғындар сене қоймады.
«Абаттандыру бойынша аталған үйдің ауласына балалар алаңын салу қарастырылмаған. Неге десеңіз, бұл жерде бос орын жоқ. Ал қазылған шұңқырға келер болсақ, біз құзырлы органдарға сауал жіберетін боламыз. Сол арқылы аталған жердің иесін тауып, заң талаптарына сәйкес әкімшілік жазаға тартылатын болады», – дейді Түрксіб ауданы Коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Әнуар МҰСАЕВ.
Осылайша өз ауласына алаңдаған жұрттың кезекті уәжі тағы да уәдемен аяқталды. Тұрғындар мәселе тезірек шешілмесе, қала әкіміне шағым айтамыз деп отыр. Ал шенділер болса уақытты созбай, мән-жайды анықтап, жазбаша жауап береміз деп тарқасты.
Қуан Нұрақын, Ялкунжан Әшімжанов, "Алматы" телеарнасы