Ұлыстың ұлы күні: қандай амал жасау керек

22.03.2021 23:12

Жалғыз жарым жетімдерге, кембағал жандарға жұрт қарайласады

Фото: kyzylorda-news.kz

Жаһанды жалмаған індетке байланысты биыл елімізде екінші жыл қатарынан Наурыз мейрамын жаппай тойлауға тыйым салынды. Әйтсе де тарихы тереңде жатқан төл мерекенің халық үшін орны ерек. Ел-жұрт етек-жеңін жинап, жаңа жылдан мол үміт, көп жақсылық күтеді. Дүркіреген той өтпесе де, бұқара ежелгі ғұрыптан айнымай игі істер жасауға асығады. Жалпы Әз Наурыздың мәні неде? Бұл күні қандай амалдар жасалады? Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Жылдың басы, бар игілік атаулының символы саналатын Наурыз мейрамының шығу тарихы ежелде жатыр. «Жаңа күн» деген мағынаны беретін мереке түркі және парсы тілдес халықтарға ортақ. Наурыз ежелгі Грекияда, Римде, Ұлыбританияда он сегізінші ғасырға дейін аталып өтіліп келген. 3-5 мың жылдан бері Балқан түбегінде, Орта Азия мен Таяу Шығыста тойланады. Көктем мерекесі туралы деректер антикалық және ортағасырлық жазушылардың еңбектерінде де кездеседі. Ал қазақ халқы Наурызға «Ұлыстың ұлы күні» деп айдар тағады. Яғни, ұлы істердің бастауы деп ұққандығы туралы деректер бар.  Ел арасында «Ұлыс күні қазан толса, ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, жол болар» деген сенім бар.

«Күн мен түн теңелген кезде Қыдыр ата келеді деген сөз бар. Қыдыр ата ел елді аралап елге, жұртқа жақсылық сеуіп жақсылықты халыққа ұсынып жатқан деген бір жақсы мағына бар», – деді философия, саясаттану және дінтану институтының бөлім жетекшісі Саясат Бейісбаев.

22 наурызда күн мен түн теңеліп, «Самарқанның көк тасы ериді». Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін, бар тіршілік атаулының қайта тірілетін шағы. Бұл уақта араларына жік түскен ағайын татуласып, қыстан аман шыққанына қуанып азан-қазан күй кешеді. Жалғыз жарым жетімдерге, кембағал жандарға жұрт қарайласады. Ат жарысып, алтыбақан басында думан орнап, көкпар, қыз қуу, күрес, аударыспақ сияқты қазақтың ұлттық ойындары ойналады.

«Тепе теңдік, әділдік, жаңару, жаңғыру деген сөз. Тек қана үй, қора қопсыны ғана тазалап қана қоймай адам бұл күні ар-ожданының алдында да тазалануы керек. Бұлақтың басын тазартып, арықтарды аршып халық үшін, ел үшін игілікті істерді істеуге шақырған», – деді әл-фараби атындағы ҚазҰУ кафедра профессоры, этнограф Бибізия Қалшабаева.

Мал ауызы көкке, жан ауызы аққа тиетін тұста жастар «Бастаңғы» ұйымдастырып, бойжеткендер көңілі ауған жігіттерге «ұйқыашар» деп аталатын ерекше тағам әзірлейді. Ал жігіт, бозбалалар қыздардың қарымтасы ретінде «селт еткізер» сыйлықтарын сыйлайды. Жұрт төс қағыстырып, үлкенге сәлем беріп, хәл сұрасады.

«Мәшһүр Жүсіп Көпей «Наурызды қазақтың төл мерекесі» деп айтқан. «Самарқанның көк тасы ериді» деген сөз бар, оның философиялық мәні – табиғатпен адамның үйлесім табуы деп түсіну керек», – деді философия, саясаттану және дінтану институтының бөлім жетекшісі Саясат Бейісбаев.

Осыған дейін Наурыз діни мейрам ретінде қабылданып келді. Алайда мамандар бұл жаңсақ нәрсе екенін айтады. Тіпті, кезінде Кеңес Одағы тарапынан мерекені атап өтуге тыйым салынып жарты ғасырдан астам уақыт тойланбай келді. Мақсат – түркі халықтарын біріктіретін мерекені ел жадынан өшіру еді. Бірақ 1988 жылы бір топ қазақ зиялылары ұлттық салт-дәстүріміздің қайта жандануына ықпал жасады.

«Наурыз мерекесінің қайтадан жаңғыруына Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз ықпал еткен. Ол жаңадан министр болып келген кезінде  Наурыз фестивалін өткізген едік. Оған Орта Азия мемлекеттері қатысқан», – деді ақын, драматург Нұрлан Оразалин.

2010 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы 21 наурызды «Халықаралық Наурыз мерекесі» ретінде мойындады. Ал ЮНЕСКО Наурызды материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізді. Бүгінде еліміз қазақы жаңа жылды үш күн атап өтеді. Алайда биыл еліміз Наурыз мейрамын тойлауға ерекше көңіл бөліп, оны он күн атап өту туралы тұжырымдама бекітті.

Назкен Еркін, Ғани Қалуов, Сағынғали Мұңайтпасов «Алматы» телеарнасы