Ұлттық тағамдардың адам ағзасына пайдасы туралы дәрігерлер не айтты

22.03.2021 23:28

Арнайы сойылған малдың кәделі асына ізгі ниетпен «Наурыз бата» беріледі

Фото: ernur.kz

Наурыз күні әр шаңырақта қайнаған қазанға ет салып, дастархан аққа толады. Жеті түрлі азықтан Наурыз көже әзірленеді. Бауырсақ пісіріліп, ұлттық сусындар да дайындалады. Төл тағамдарымыз молынан жасалып, ұмыт болып бара жатқан кейбір ас түрлері де дәл осы кезде қайта жаңғырады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Көшпенді өмір сүрген еліміз негізгі асқа –  мінсе көлік, жесе азық болатын жылқы малы мен қойды пайдаланған. Олардың етінен Ет асу, Қуырдақ, Сірне, Ақсорпа, Нансалма секілді ұлттық тағамдар әзірлеген.

«Ұлттық тағамымыз бірінші қанға, жүрекке ми жұмысына жақсы жағынан әсер ету керек. Қазақтың ұлттық тағамдары дегенде құрт-ірімшік, сүрленген ет ойымызға оралады. Олардың барлығы денсаулығымызға пайдалы», – деді Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шарманов.

Қазақ халқы үшін дастарқаннан үлкен нәрсе жоқ. Ал, ұлттық тағамдарымыз негізінен 4 түрлі азықтан жасалады. Атап айтсақ, ұннан, дәнді дақылдардан, сүт өнімдерінен және еттен әзірленеді. Соның ішінде жент – аса кәделі дастарқан дәмі болып табылады. Ол талқан, ірімшік және сары майдың қоспаларынан шыланады. Ең бастысы, қыста қатпайды, жазда бұзылмайды. Қазір жентті одан да дәмдірек қылу мақсатында құрамына – шоколад, мейіз, жаңғақты қосу арқылы әсемдеуге болады.

Күн ыстықта шөлді басып, суық мезгілде қуат беретін қымыз, шұбат, айран мен қымыранды қазақ халқы «ағарған» дейді. Төрт түліктің сүтінен даярланған суысындар киелі саналған және одан қаймақ, сары май, сүзбе, құрт, ірімшік жасалған. Ал, халық арасында «тілеу көже», «көп көже» деп аталып кеткен Наурыз көжеге аталған азықтардың 7 түрі де қосылады.

«Наурыз көже – өте пайдалы және жақсы күш беретін біздің халықтың тағамы. Оның құрамында әр түрлі көмірсулар, магний, кремний және кальций бар. Сондай-ақ, дәруменнің «B» топтары, «С» витамині, «А» витаминдері бар», – деді қалалық студенттер емханасының терапевт-дәрігері Ботагөз Жампозова.

Сонымен қатар, өнегелік мәні бар салт-дәстүріміздің бірі –  дастархан басында бата беру. Арнайы сойылған малдың кәделі асына ізгі ниетпен «Наурыз бата» беріледі. Кейін жиналған халық бір-біріне «Ақ мол болсын, Ұлыс оң болсын» деген тілек айтып, тарқасқан.  

Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы