|
29.03.2019 | 18:13
5809

Алматылық тұрғындар ретсіз құрылыс жүргізіп жатқан компаниялар жұмысына наразы

Соңғы екі жылдан бері есік алдына кіріп-шығудан қиындық көріп отырған тұрғындардың бір тобы Науаи көшесінде тұрады

Алматылық тұрғындар ретсіз құрылыс жүргізіп жатқан компаниялар жұмысына наразы

Алматыда құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан компаниялар тәртіпке бағынбайды. Қаланың қара жолын ластап қана қоймай, айналасындағы тұрғындарға да тыныштық бермейді. Тіпті, тротуарларға дейін қопарып тастаған. Экологтардың ескертпесін де елемейтін көрінеді. Қала көшелерін батпаққа батырып жатқан қандай компаниялар екенін Almaty.tv анықтап көрген еді.  

Соңғы екі жылдан бері есік алдына кіріп-шығудан қиындық көріп отырған тұрғындардың бір тобы Науаи көшесінде тұрады. Айтуларынша, ауыр жүк көліктері айналаның тас-талқанын шығарған. Айнала қозғалған крандар қауіп төндірсе, ауыр техникалар түн ортасына дейін тыныштық бермейді екен. 

«Құрылыс түнгі сағат екіге дейін жұмыс істегендіктен, ұйықтай алмаймыз. Мына жер батпақ болып жататын, қазір жер сәл құрғады. Бұл маңнын бәрі асфальт еді, әкімдік жасап берген болатын. Енді бәрін қазып, быт-шытын шығарды», – деп күйінеді тұрғын Болат КҮШЕМБАЕВ. 

«Айнала лас, «қалай тұрсаңдар солай тұрыңдар» дейді. Қоқыс толып кетті. Тар көшеде ауыр КамАЗ көліктері жүреді, не көлік қоя алмаймыз, не балаларды қоларбамен алып жүре алмаймыз. Ағаштарды да кесіп тастады. Ол ағаш кесінділерін де тазалаған жоқ. Қысқасы, қауіп төндіргенімен қоймай, тынысымызды да тарылтып жіберді», – дейді тағы бір тұрғын Гүлнәр ЖАПАРОВА.

«Балабақшада тәрбиешілер бүлдіршіндерді далаға ойнатудан қорқады. Алып крандар балабақшаның үстінен айналып тұрады. Үш балам бар. Үлкені мектепке батпақпен барса, ортаншымды бұрыш-бұрышқа тығылып жүріп балабақшаға апарамын. Жақсы, соттастық, жұмыс істеуге рұқсат алды, бірақ бар дүниені құртып тастамай тұрғындарға адами жағдай жасау керек қой», – дейді Олеся ЗАВСЕГУЛОВА. 

Ал 12 қабатты коммерциялық үйлер салып жатқан «Астана құрылыс» компаниясы камераны көре кескен ағаштарын жинап, кенеттен тазалық жасауға кірісті. Астаң-кестеңі шығып жатқан аулаға аз уақытта асфальт төсейміз деген уәделерін тағы үйіп-төкті.

«Прокуратураға жазамын», «әкімдікке жазамын», «ГАСК-ге жазамын» деп шығады. Мен жазсаңдар, жаза беріңдер, бәрі әкімдікпен келісілген деймін. Тұрғындар айта береді. Бұл жердің тұрғындары өтірік айтады, бәрі өтірік сөз. Түнгі сағат екіге дейін жұмыс істесек, полицейлер-ақ алып кетер еді», – деп жауап берді «Астана құрылыс» АҚ вице-президенті Мейіржан ДОСАНОВ.

Ерсілі-қарсылы құрылыс заттарын тасымалдап жатқан жүк көліктері сол алаңдардан тонналап болмаса да, балшық пен топырақ алып шығып, қала көшелерін ластап жатыр. Мамыр ықшамауданындағы мына КамАЗ иелері де Шаляпин көшесін қара топыраққа көміп жатыр.  

Тасжолдың талқаны шығып, тұрғындары шаңға көміліп жатқан жердің бірі – Жас қанат шағынауданы. Тұрғын үйлерді тұрғызып жатқан мердігер компаниялар экологтардың тазалықты сақтау туралы тәртібіне мүлдем құлақ аспайды. Қазылған құрылыс алаңдарынан шығатын ауыр жүк көліктері дөңгелектерін тазаламағандықтан, көпшілік жүретін жол топыраққа көміліп жатыр. 

Түрксіб ауданының экологтары жасқанаттық жұмысшыларға екі рет әкімшілік айыппұл слаған. Бірақ одан қорытынды шығарған компания жоқ. Тек шаң қапқан елді елеңдетпеу үшін экологтар жолға су шашумен ғана шектеліп отыр.

Алматы қаласы бойынша Қоршаған ортаны және экологияны қорғау бөлімінің басшысы Қайрат Тоқтасынов көгалдандыруға көз жұма қарағандарға кешірім жоқ дейді. Тек биылғы жылдың үш айында айналасына атүсті қараған кәсіпкерлерге 8 347 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салған. Бұл 21 млн теңгеден асады. Ал дөңгелектерін тазаламай, тасжолға шыққандар мен эстетикалық келбетке көз жұмағандарға 1 миллион 111 мың теңге айыппұл жазылыпты.  

Әмірболат Құсайынұлы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир