Алматыда жабындысыз жүрген жүк көліктеріне жаппай айыппұл салына бастады

Алматыда жабындысыз жүрген жүк көліктеріне жаппай айыппұл салына бастады
Алматыда көшелерге құрылыс қоқыстарын шашып, қаланы ластаған жүк көліктерінің жүргізушілері жаппай жазаланып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда көшелерге құрылыс қоқыстарын шашып, қаланы ластаған жүк көліктерінің жүргізушілері жаппай жазаланып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұған дейін тәртіп сақшылары мұндай жүк көліктеріне тек ескерту жасап, есіркеп келген еді. Алайда, көріктендіру ережесін елемегендер шаһардың шырқын бұзуды тоқтатар емес. Шаңды аспанға көтеріп, көшелермен брезентсіз қоқыс тасуды әдетке айналдырыпты. Полицейлер бүгін мұндай әрекеттің заңға қайшы екенін тағы да түсіндіруге тырысты. Бірақ қасарысқан жүргізушілер сақшылардың өздеріне дөрекі сөйлеп, тәртіпке бағынғысы келмейді.

Наурызбай ауданында КамАЗ-ына топырақты толтыра тиеп, төбесін брезентпен жаппастан желдей жүйткіген бұл жүргізуші бүгін полицейлердің жүйкесін әбден жұқартты. Тәртіп сақшыларының «тоқта» деген бұйрығына пысқырмай, олардан сытылуға тырысты. Жылдамдықты асыра жүріп, соңына түскен полицейлерді әбігерге салған ол қала шетіндегі карьерге келіп бірақ тоқтады.

« – Құжаттарыңызды көрсетіңізші. – Менің құжатым жоқ. – Тоқтатқан себебіміз, жабындысыз жүрсіздер. – Маған жабындының қажеті не? – Топырақ немесе қоқыс салып алғансыз ба? – Бізді түсірудің қажеті жоқ!..»


Құжаттарын беруден бас тартқан жүргізуші, құзырлыларға дөрекі сөйледі. Артынша, «тек кірпіш тиедім» деп ақталуға тырысты. Көлігіне қоқыс пен топырақты асыра тиеген жүргізушінің бұл әрекеті көріктендіру ережесіне қайшы екенін полицейлер түсіндіріп бақты. Дегенмен, қасарысқан азамат атын айтпастан маңайдан қашып кетті. Енді оның үстінен «Құқық қорғау органы қызметкерінің талабына бағынбау» бабы бойынша іс қозғалуы мүмкін. Көп ұзамай, карьер маңына түрлі құрылыс қоқысы мен топырақты үйіп, бетін жабуды ұмыт қалдырған жүргізушілер бірінен соң бірі жетті.

« – Сіз неге жабынды жаппайсыз? – Құрғақ топырақ емес қой, лай болғаннан кейін шаң шықпайды да. Үстін тегістеп тазалап қойдым, топырақ ылғал. – Ылғал топырақ болғанымен, КамАЗ-дан түсіп қалса, оны кім жинайды? – Түспейді ол!»


Бұл жүргізуші бұған дейін көріктендіру ережесін бұзбаған екен. Сондықтан тек ескертумен құтылды. Ал ағаш пен шашылатын құрылыс материалдарын тиеп, жүк көлігін брезентпен жаппаған тағы бір жүргізуші 75 мың теңге көлемінде айыппұл арқалады. Өйткені, осы көлікті біраздан бері тізгіндеген азаматқа сақшылар бұрында ескерту жасаған екен. Жалпы, қаланың көріктендіру ережесіне сай, топырақты, қоқысты, шашылатын құрылыс материалдары мен кесілген ағаштарды жүк көлігіне тиегенде бетін презентпен немесе арнайы материалмен жабу міндетті. Әйтпесе, жолдар ластанып, қала күл-қоқысқа толады.

КамАЗ жүргізушілері тиеген қоқыстарын төгетін бұл карьер жергілікті тұрғындардың да құтын қашыратын көрінеді. Минут сайын жүретін жүк көліктері маңайдың шаңың шығарып, экология талаптарын сақтамайды. Бірақ жергілікті билік өкілдерінің мұндай быссыздықты тиып, талапқа бағындыруға тісі батпай отыр.

«Бізде осы бағытта көп фактілер тіркеледі. Бұл жөнінде осы карьер басшыларына да ескерту айтылған, жұмысқа шығар алдында тексеру жұмыстарын қатаң қадағалауы тиіс. Енді жүкті жабындысыз тиеп жүрген жеке жүк көліктері мердігер ұйымдардың жүргізген тазалық жұмыстарын қайта бүлдіруде», – деді Алматы қаласы Наурызбай ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Өркен ҚОДАРОВ.

Айта кетсек, жыл басынан бері қаланың абаттандыру заңын бұзғандарға 8,5 млн теңге айыппұл салынып, оның 3 млн теңгесі қазынаға өндірілді.

Ережені елемейтін жүргізушілер еткен еңбегімізді еш кетіреді деп шағымданған жергілікті билік өкілдері енді олармен мықтап күресуге бекініп отыр. Енді КамАЗ жүргізушілерін күн сайын тексеруге шығып, көліктерінің артында жабынды болуын міндетті түрде бақылауға алмақ.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров