Арыстағы жағдай үшін халықтан кешірім сұрау қажет емес – Нұрлан Ермекбаев

Арыстағы жағдай үшін халықтан кешірім сұрау қажет емес – Нұрлан Ермекбаев
Бүгінде оқ-дәрілерді көшіруге қанша теңге керектігі есептеліп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Арыстағы оқ-дәрілерді көшіруге бірнеше миллиард теңге керек. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев осындай мәлімдеме жасады,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондай-ақ ведомство басшысы Нұрлан Ермекбаев Арыстағы жағдай үшін халықтан кешірім сұрау қажет емес деп санайды.  

«Бұл жерде кінәліні іздеудің қажеті жоқ. Бұл – табиғи құбылыс. Әрбір арсеналдың қаупі бар. Сондықтан мен әзірге кешірім сұрауға себеп көріп тұрғаным жоқ», – деді ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ.

Үш адамның өмірін жалмаған жарылыстың себебі әзірге анықталуда. Алдын ала болжам бойынша, оқыс оқиғаға жауапты тұлғалардың қызметіндегі олқылық пен қауіпсіздік шараларын сақтамауы себеп болуы мүмкін. Еліміздің Бас әскери прокурорының орынбасары Дархан Ержанов Арыстағы жағдай бойынша 100-ден астам адам куәлік етті дейді. Сонымен қатар, құзырлы органдар оқ-дәрілердің қауіпсіздігіне бөлінген қаржының қалай жұмсалғанын да тексеріп жатыр.

«Арыс қаласындағы төтенше жағдайға қатысты ҚР қылмыстық кодексінің 462-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Қару-жарақпен, оқ-дәрiмен немесе қауіп төндіретін өзге де заттармен жұмыс істеу ережелерін бұзып, ол абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне апарып соққан жағдайда, күдіктіні 5 жылдан 10 жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», – дейді ҚР Бас әскери прокурорының орынбасары Дархан ЕРЖАНОВ.

Новости партнеров