|
05.04.2024 | 18:13
627

Қарғын су: Астана іргесіндегі Талапкер ауылында қауіп сейілді

Бұл іске арнайы техникалар мен 30-дан аса маман жұмылдырған

Қарғын су: Астана іргесіндегі Талапкер ауылында қауіп сейілді Almaty.tv

Қарғын су Астана іргесіндегі Талапкер ауылына да жетті. Кеше түнде елдімекендегі жасанды каналға су толып, арнасынан таси бастаған. Ауыл азаматтары білек сыбана кірісіп, таңға дейін өткелдер мен канал бойын қоршаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Талапкерліктерден тыныштық кеткелі 2 тәуліктен асты. Күн күрт жыли сала ауыл маңындағы қар еріп, каналдағы су деңгейі көтерілген. Қарғын су елдімекен шетіндегі 26 үйдің ауласын басып қалған көрінеді. Тасқынға тосқын болуға тырысқан ауыл азаматтары бірден арналарды аршып, дамбыларды бекіткен.

– Халық төтеншеліктермен бірге құмды қаптап, тасып, дамба жасап қойдық. Құм әкелді. Биыл судың мөлшері көп. Кеше көпірде су көтерілді, – деді Талапкер ауылының тұрғыны Айжан Шәріпова.

Төтеншеліктер мен тұрғындардың бірлесе атқарған жұмысы апаттың алдын алған. Түс ауа мұнда қауіптің сейілгені хабарланды. Қарғын су кірген үйлердің ауласында тазалау жұмыстары тоқтаусыз жүргізілген көрінеді. Бұл іске арнайы техникалар мен 30-дан аса маман жұмылдырған. Каналдағы су көлемін ауыл белсенділері назарда ұстап, қажетті саймандарын сайлап отыр. Олар 3000-нан астам қапқа құм салып, дайындап қойған.

– Кеше түнде қардың қарқынды еруіне байланысты Талапкер ауылының бойымен өтетін жасанды каналда ойық пайда болды. Бірден техника жұмылдырылып, қызметкерлер іске кірісті. Ашық учаскелер мен су кірген үйлердің ауларында су сору жұмыстары жасалды. Таңға дейін жағдай қалыпқа келтірілді. Жеке құрам елдімекендегі жағдайды назарда ұстайтын болады, – деді Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ерлан Молдаханов.

Талапкерден бөлек, бүгінде Астана іргесінде бірнеше ауыл жауаптылар бақылауында. Министрлік болжамынша, Қосшы, Тайтөбе елдімекендерін су басу қаупі бар. Тасқынға тосқауыл қою үшін төтенше жағдайлар қызметкерлерінің жұмысы тәулік бойы жалғасып жатыр.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасынан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир