Заңсыз ойын автоматтарын орнату қылмыстық жауапкершілікке алып келеді. Бұл туралы алматылық кәсіпкерлерге ескертілді. Сондай-ақ бұдан былай ойын автоматтарын қоюға рұқсат берген нысан иесі де жазаға тартылатын болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Соңғы екі жылда Алматы қаласында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру бойынша 117 қылмыстық іс тіркелген. Қалалық экономикалық тергеу департаменті заңсыз ойын автоматтары орнатылған 250 орынды анықтаған. Қаланың барлық аудандарында мамандар түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады.
«Осы айда ауданымыздағы 46 мекемеден 56 ойын автоматын таптық. Жалпы өздеріңіз білетіндей, елімізде тек Қапшағай мен Бурабай аумағында ғана оған рұқсат берілген. Ал басқа қалаларда ойын автоматтары ұсталған жағдайда, тек кәсіп иесі ғана емес, ғимаратын жалға берген азаматтар да заң алдында жауапқа тартылады», – дейді Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан ПАЗЫЛХАЙЫР.