Сөмке ішінде скотчпен оралған бала, оны зорламақ болған педофилды қолға түсіру... Осы тектес қылмыстардың жолын кесу полицейдің басты мақсаты дейді Дмитрий Данник. Алматыдағы Полиция департаментінде жедел басқару орталығының қызметкері мұндай оқиғалардың қызмет кезінде көп болатынын айтады.
Алматының Полиция департаментіндегі жедел басқару орталығында жұмыс қауырт. Мұндағы қызметкерлер уақыттың қалай өтіп кеткенін де байқамай қалады. Дмитрий Данник жұмысыма деген махаббатым барлық қиындықтарды ұмыттырады дейді. Ол полицей болуды бала кезінін армандапты. Басқа мамандық иесі болуды тіпті ойлап та көрмеген ол қылмыс ашуды, арам пиғылдылардың жолын кесуді жаны сүйетінін жеткізді.
«Оқу бітіре сала Алматыдағы Әуезов аудандық полиция басқармасында жұмысқа кірдім. Бірде түнделетіп қонақтан қайтып келе жатсам, алдымнан екі күдікті ұшырасты. Қолдарына сөмкелері бар. Дереу өзімді таныстырып, құжат сұрадым. Кенет кезек сөмке тінтуге келгенде, екеуі екі жаққа қаша жөнелді. Құдай қаққан шығар, сөмкеде кішкентай бала жатыр екен. Әлгі күдіктілер көп ұзамай қолға түсті», – дейді Алматы қаласы ПД ЖБО кезекшінің көмекшісі Дмитрий ДАННИК.
Данниктер әулетінде барлығы – тәртіп сақшылары. Бірі отставкадағы подполковник болса, енді бірі – Ішкі істер министрлігінің зейнеткері. Сондықтан жылда Полиция күнін атап өтуді бұл отбасы дәстүрге айналдырған. Бір қызығы, әкелері ешқашан балаларын «полиция» бол деп қинамаған көрінеді. Өзі де кезінде әкесіне қызығып, полиция қызметіне келсе керек.
«Балаларымыз бізге қарап өсті. Көзін ашқаннан тек полиция көріп өскеннен кейін бе, әйтеуір бұлар өздері осы мамандықты таңдады. Екеуін де қинағанымыз жоқ әйтпесе, үлкенін де, кішісін де», – дейді отставкадағы подполковник Алексей ДАННИК.
Алексей және Елена Данник саналы ғұмырларының 30 жылға жуығын тәртіп сақшысы болуға арнаған. Зейнеттегі қариялар қазір немере тәрбиелеуде. Алексей кезінде жұбайымен осынау кәсіби мерекеде танысып, көңіл қосқанын айтады.
«Менің әкем полиция қызметкері болған. 35 жыл Медеу ауданында жұмыс істеді. Күнде кешке келіп анама қылмыскерлерді қалай ұстағандарын айтып отыратын. Біз оның әңгімелерін аузымыздың суы құрып тыңдайтынбыз. Сол кезден бастап мен де тәртіп сақшысы боламын деп шештім. Ағам әскерден келген соң мені өзімен кәсіби мерекені тойлауға апарды. Жолдасыммен біз сол жерде таныстық», – дейді ҚР ІІМ зейнеткері Елена ДАННИК.
Бұл әулеттің келіні Эльмира Данник те қазір Әуезов ауданының Полиция басқармасында инспектор болып қызмет атқарады. Ол тәртіп сақшысы болуды бала кезінен армандағанын айтады. Мектептен қайтып келе жатып, Ішкі істер министрлігінің академия курсанттарына қызыға қарайтын ол 11-сыныпты тәмамдаған соң, өзі де сол академияға түседі. Жоғарғы оқу орнын үздік аяқтап, Алматы қаласы Әуезов ауданындағы полиция департаментінде іс-тәжірибеден өтеді. Осы жерде жүріп жұбайы Дмитрий Данникті жолықтырады.
«Ол менен екі жас үлкен болатын. Тәжірибеден өтуге келсем, осы ауданда учаскелік полиция болып істейді екен. Мен ювеналды полиция болдым. Жұмыстан кеш қайтатынмын ылғи. Сондайда Дмитрий ылғи маған көмектесіп, әрдайым түнгі кезекшілікке қалатын. Полиция қызметінің қиын жағы да бар, әрине. Алайда, адамдарға пайдаң тиіп, жұмысыңның нәтижесін көргенде жеңілдеп қаласың», – дейді Алматы қаласы Әуезов ауданы ПБ штаб инспекторы Эльмира ДАННИК.
Данниктер әулеті бір дастарханда отырып тәртіп сақшысының жұмысын талқылауда. Бір-бірін жақсы түсінетін ерлі-зайыптылар осынау жауапкершілігі жоғары мамандықты болашақ ұрпақтарының да жалғастырарына сенеді.
Өмір Әнуарбек, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы