Алматыда танымал маркалы алкогольді ішімдіктерді қолдан жасағандар ұсталды. Олар сәуір айының басында жүргізілген жедел-іздестіру операциясы кезінде қолға түскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Белгілі болғандай, кәсіпкер астыртын жолмен өз үйінде брендті сусындардың атын жамылып, жалған өнім дайындаған. Мамандар тінту барысында ол жерден 2 мың дана жалған есепке алу-бақылау маркасы мен бос бөтелкелерді және дайын өнімдерді тәркілеген.
«Жедел-іздестіру операциясы кезінде жалған ішімдік дайындайтын жер анықталды. Ұсталған азамат үйінде жасырын жолмен алкогольді өнімдерді дайындаған. Ол есепке алу-бақылау маркілерін принтерден шығарып отырған. Оқиға орнын тексеру барысында дайын өнімдер, жәшік-жәшік бос бөтелкелер мен бірнеше марка табылды. Күдікті азамат жасаған ісін толықтай мойындады», – дейді Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Жандар ИБРАГИМОВ.
Бүгінде аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 233-бабының 2-тармағы негізінде іс қозғалды. Сондай-ақ, сотқа дейінгі тергеу барысында олардың нақты қанша жалған өнім жасағаны есептеліп жатыр. Бұл аз болса, тексеру барысында үйден есірткі заттар да табылып, тергеушілер қосымша қылмыстық іс қозғады.