Қазақстандықтарды мазалаған сұрақ ескерусіз қалмайды. Қазақстан Республикасының президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қалалық қоғамдық қабылдауында кандидаттың сенімді өкілдері тұрғындардың мәселесін қарады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қалалық мәслихаттың депутаты Нұрия Ниязова әр алматылықты ыждахаттылықпен тыңдап, қойған сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, 9-шы маусымда болатын саяси додаға келіп, өз таңдауын жасауға шақырды.
«Қоғамдық қабылдауға көршілер арасындағы түсініспеушілік мәселесі бойынша Алмалы ауданының тұрғындары келді. Мәселелерін қарап, дауыс беру арқылы, тұрғындардың ұсынысын ескеріп нақты шешім қабылдадық. Мұндағы мәселе ауладағы жол мен көгалдандыруға қатысты еді. Маған тәуелсіз елімізде, ашық аспан астында осындай тұрмыстық проблемаларды қарастырып жатқанымыз ұнайды. Өйткені алыс-жақын көрші елдерде ауқымды мәселелер шешімін таппай жатыр. Сондықтан әр азаматтың мәселесін жеке қарау керек», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі Нұрия НИЯЗОВА.
«Нұр Отан» партиясының атынан саяси додаға түскен үміткердің өкілі бейбіт заманда өмір сүріп жатқанымызды айта келе, Елбасының бастап берген саяси жолының әрі қарай жалғасатынын алға тартты. Ол нәрсе үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасындағы «Сабақтастық» бөлімінде кеңінен айтылған.