Алматыда істі болған азаматтарды жұмысқа орналастыру науқаны жалғасуда

11.12.2019 23:14

Онда жұмыссыз азаматтарға 300-ге тарта жұмыс түрі ұсынылды

Almaty.tv

Бүгін Медеу ауданында қала әкімдігінің, прокуратураның және Nur Otan партиясы филиалының қолдауымен кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Абақтыға отырып шыққан жұмыссыз азаматтарға 300-ге тарта жұмыс түрі ұсынылды. Олардың қатарында бухгалтер, мұғалім, сақтандырушы қызметтері мен құрылыс саласы мамандығы бар.

«Пробацияда есепте тұрған азаматтар саны 200-ден асады. Сол кісілерді шақырдық. Одан бөлек, қалалық жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрған азаматтарды да шақырдық. 30-ға жуық компания жұмыс ұсынып отыр. Осы жерден азаматтар өздеріне керек жұмысқа орналасады деген үміттеміз», - деді Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос НҰРЛЫБАЕВ.

Қазір ауданда 630 адам жұмыссыздар есебінде тұр. Жыл басынан бері 900-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Олардың басым бөлігі осындай жәрмеңкелердің арқасында қызметке орналастырылуда.

«Бүгінгі ұйымдастырылған шараға әкімдіктің хабарласуымен келдім. Осында жұмыс таптым. Әкімдікке көп рахмет. Жалақысы 100 мыңдық жұмыс тауып берді. Осы жұмысқа разы болып істемекпін», - деді Данияр ҚАМБАТЫРОВ.