Наурызбай ауданы Қарағайлы шағын ауданының тұрғындары жол мәселесін айтып шаршадық дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өз қалтасынан ақша шығарып төсеген жабындысы жауын жауғанда пайдаға аспай қалады. Аудан түрғыны Сәбира Байқұлақова сегіз жылдан бері жол машақатын тартып келгенін айтады.
«Қызым қатты ауырып, екінші этаждан құлап кеткенде жергілікті полиция қызметкері жолдың ар жағына өткізуге көмектесті. Өйткені жедел жәрдем көлігі жолдан өте алмайды. Көлік түгілі адам әрең жүреді», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Сәбира Байқұлақова.
Тұрғындардың мұңын тыңдауға келген жауапты маманның айтуынша, қазір ауданда су, кәріз жүйесі жұмыстары басты назарда. Бюджет дұрыс игерілуі үшін әзірге жол жөндеу жұмыстары қарастырылмапты. Сол себепті бұл көшенің мәселесі жақын арада шешілмейді. Бірақ тұрғындардың өтінішіне сәйкес, уақытша жөндеу жұмыстары жоспарланған.
«Мұнда инертті құрылыс материалдарын пайдаланып, асфальтты ұнтақ сеуіп береміз. Осылайша, негізгі жұмыстар аяқталғанша, тұрғындарға жайлы жағдай жасамақпыз. Оларды сабырлы болуға шақырамын. Барлық қолайсыздық уақытша ғана», – деді Наурызбай ауданы әкімі аппараты абаттандыру бөлімінің басшысы Жандос Тәкібаев.
Жалпы биыл Наурызбай ауданында 56 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланған. Тағы 39 көшеде асфальт қалпына келтіріледі. Бұл туралы Наурызбай ауданының әкімі халыққа есеп беру кездесуінде айтты. Жиында тұрғындардың түйіткілді мәселелері жан-жақты талқыланды.
«Бүгінгі кездесуде тұрғындармен ашық диалог болды. Әр тұрғынның айтқан мәселесін назарға алып, оң шешім табуы үшін тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Аудан бойынша 11 ықшам аудан бар. Барлық ықшам ауданда осындай кездесулер өткізілетін болады», – деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Мирас Нысанәлиев.
Айта кету керек, Наурызбай ауданында әкім 21 кездесу өткізіпті. Жыл соңына дейін мұндай есептік жиындар апта сайын ұйымдастырылмақ.
Жанар Ғаниқызы, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы