Өзін банкрот деп жариялаған адамдардың өтінімі неге қабылданбады

05.04.2024 23:15

78 пайыз өтінімі кері қайтарылған

elements.envato.com

Қазақстанда банкрот деп танылған 10 мың адамның басым бөлігі – несиесін 5 жылдан астам уақыт төлей алмаған азаматтар. Ал 10 пайызы – әлеуметтік осал топтар. Олардың банктер мен микрокредиттік ұйымдарға жалпы қарызы 21 миллиард теңгеден асты. Елімізде былтырдан бастап «Жеке тұлғалардың банкроттығы» туралы заң күшіне енгеннен кейін жалпы 90 мыңға жуық азамат құжат тапсырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еліміздегі «Жеке тұлғалардың банкроттығы» туралы заң былтыр 3 наурыздан бастап күшіне енді. Оған жалпы 90 мыңнан астам қазақстандық құжат тапсырған. Олар екінші дәрежелі банктерге, микроқаржы ұйымдары мен коллекторларға қарыз. Бірақ жүгінгендердің 78 пайызының өтінімі қабылданбай, кері қайтарылған.  

– Өтінім кері қайтарылды. Өйткені мүлік анықталып жатыр, заңда көрсетілген негіздерге сәйкес келмейді. Өтініш берген адамдардың қаржылық жағдайы сай келмейді, – деді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы Меруерт Сейсембаева.

Банктер мен микрокредиттік ұйымдарға берешегі барлар банкрот деп танылу үшін шартқа сәйкес, қарызының мөлшері 5,9 млн теңгеден аспауы қажет. Ортақ меншіктегі мүлікті қоса алғанда, өтінім берушінің атында үй мен жер болмауы тиіс. Сонымен қатар несиесін кемінде 12 ай төлей алмағаны расталу керек. Өтініштерді қабылдау: E-gov электрондық үкімет порталы, e-Gov Mobile және E-Salyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Содан «Qoldau» порталындағы «Tazalau» сервисі арқылы өңделеді.

– Үкімет тарапынан бірде бір тиын мұндай қарыздарды кешіруге қарастырылмаған. Бұл кредиторлардың, қаржылық ұйымдардың өз тәуекелі. Бұл мүлдем төлей алмай жатқан азаматтар ғой. Қазіргі 10 мың азаматтың ішінде басым бөлігі осындай қарыздарды 5 жыл бойы төлей алмаған, – деді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы Меруерт Сейсембаева.

Азаматтар «банкрот» деп танылған сәттен бастап, 5 жыл өтпейінше қаржы ұйымдарынан несие ала алмайды. Оған тыйым салынады. Ал келесі банкроттыққа 7 жылдан кейін ғана шыға алады. Бірақ бұл азаматтардың қаржылық жағдайы 36 ай бақылауда болады.

Айта кетейік, «Жеке тұлғалардың банкроттығына» өтінім бергендер саны бойынша Алматы облысы мен Алматы қаласы көш бастап тұр.

Оразай Нұртайұлы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Құмар ойынның құрығынан қалай бас тартуға болады