Шыдамы таусылған кәсіпкерлер әкімдік ғимаратының алдына барып Алтай Көлгіновтың шығуын талап етті
Астанада 10 жылдан бері құжаттарын рәсімдей алмай жүрген кәсіпкерлер наразылыққа шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жауапсыз құрылыс компаниясының кесірінен ғимараттарын 100 миллион теңгеге дейін ақша салып өздері аяқтаған бизнес иелері заңды құжатымызды ала алмай келеміз дейді. Ведомство аралық комиссияның тексеруінен бірнеше рет өтсе де, әкімдікке келгенде құжаттары кері қайтарылып жатыр екен. Енді, шыдамы таусылған кәсіпкерлер әкімдік ғимаратының алдына барып Алтай Көлгіновтың шығуын талап етті.
2011 жылы «Қыпшақ» тұрғын үй кешені салынып басталғанда, бұл кәсіпкерлер үйдің астыңғы бөлігіндегі бөлмелерді сатып алған. Алайда құрылысы сағызша созылып, компания басшылығы түрмеге қамалыпты. Сот процесінде бұл кісілер жәбірленуші болып танылған екен. Арада 10 жылдан аса уақыт өтсе де кәсіпкерлер ғимараттарының құжатын әлі рәсімдей алмай жүр. Коммерциялық нысанды өз қаражатымызға салып, өзіміз құжатын жасайық десек, әкімдікке келгенде қағаздар кері қайтарылып жатыр, - дейді жиналғандар.
«Қазір мұндағы ғимараттар қаңырап бос тұр. Жұмыс бастай алмай отырмыз. Біз жәбірленуші болып тұрсақ та, бізге қойылатын талап құрылыс компаниясының талаптарымен бірдей. Құжаттардың барлығын өзіміз жасап, дайындасақ та, белгісіз жағдайда бізге кері қайтарылады», – деді қала тұрғыны Гүлсім Қожаева.
Кәсіпкерлер ведомствоаралық комиссияның барлық талаптарын орындадық дейді. Ал қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы 10 жылдан бері құжаттарын қабылдамай жатыр екен. Бұған мүлік иелері бірлестігінің қарсылығы әсер етуі мүмкін, - дейді бизнес иелері. Тіпті кейбір кәсіпкердің ғимаратының бір бөлігі үйдің меншігіне өтіп кетіпті. Енді әлгі мүлік иелері бірлестігі жалға алу құнын төлеуді талап етіп жүр екен.
«Құрылыс компаниясы үйді толық тұрғызбай кетеді. Біз мемлекеттен ақша сұрамай, өз қаражатымызға ғимаратымызды салып бітірдік. Құрылысты аяқтау үшін мұндағы кәсіпкерлердің алды 5 миллион теңгеден бастап 100 миллион теңгеге дейін жұмсаған. Заң бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік бермей жатыр. Бірақ жарыққа, суға, кәріз жүйесіне, жылуға және мүлік иелері бірлестігіне ай сайын ақша төлеуге мәжбүрміз», – деді коммерциялық ғимарат иесі Игорь Цхе.
Сонда мұндағы кәсіпкерлер коммуналдық шығынға келгенде ресми тіркелген екен де, ал заңды жұмыс істеп, ғимаратын пайдалануға келгенде рұқсаты жоқ екен. Шыдамы таусылған бизнесмендер Астана қалалық әкімдігіне барды.
Бір жарым сағаттан кейін әкімдік мамандары жиналғандарды ішке кіргізіп алды. Ал тілшілерге кейін жауап береміз деп уәде берді. Жауабын қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының мамандары жазбаша жіберді. Онда кәсіпкерлер әр өтініш берген сайын олқылықтар табылатыны айтылған.
Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы бұдан басқа ақпарат бере алмайтындарын жеткізді. 10 жыл бойына кәсіпкерлердің құжат рәсімдей алмай жүргені осыдан шығар. Басқарма мамандары мардымды жауап бере алмаса, бұл мәселе ары қарай да созыла беретіні сөзсіз.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы